Тоқаев: Астанада қоғамдық көлік жүйесін дамыту керек

akorda.kz
akorda.kz
Мемлекет басшысының айтуынша, Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Президент кеңес отырысында қоғамдық көлік жүйесін дамыту мәселесін қозғады.

«Келесі мәселе – қоғамдық көлік жүйесін дамыту. Мен қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бердім. Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті», – деді Президент.

Сонымен қатар, LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керектігін айтты.

«Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Новости партнеров