Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді

04.09.2023 22:26

Жиын барысында Үкімет мүшелері мен бірқатар мемлекеттік орган басшысы баяндама жасады

пресс-служба Акорды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Жиында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселесі қарастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

– Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деді Президент.

Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеуді күшейтуді тапсырды.

– Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыс көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмысын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін іс-шара қабылдау жөнінде тапсырма берді.

Президент елімізде лудоманияның белең алуына қарсы бағытталған әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруда қоғамның, дін қызметкерлерінің және бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын рөлі ерекше екенін атап өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ойын бизнесі саласындағы қаржылық және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмысын жандандыру қажет екеніне назар аударды.

– Барлық қаржы қозғалысын қадағалап, заңға қайшы әрекет анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау маңызды, – деді Президент.

Жиын барысында Үкімет мүшелері мен бірқатар мемлекеттік орган басшысы баяндама жасады.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев халық арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін заңнамалық, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық іс-шара кешенін қабылдауды тапсырды.

Оқи отырыңыз: Өнеркәсіп және құрылыс министрі тағайындалды