Елімізде су мамандары жетіспейді

04.09.2023 23:35

Жаңа министрлік техникалық базаны қалыпына келтіруі тиіс

Almaty.tv

Елімізде алдағы 17 жылда тіршілік нәрінен тапшылық болуы мүмкін. Суды үнемдейтін озық технологияны тездетіп енгізбесе, мәселе күрделенеді. Халыққа Жолдауында Президент суды ысырапсыз пайдалану үшін 20 жаңа бөген салып, кемінде 15 қойманы бастан-аяқ жөндеуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Еліміздегі су ресурстарының 80% өзге ел аумағынан келеді. Қазақстан – трансшекаралық өзен-көлге тәуелді ел. Күні кеше Қырғызстан аумағынан су белгіленген мөлшерден аз түсіп, салдарынан жамбылдық диқандар зардап шеккен еді. Айыр қалпақты ағайын Шу мен Талас облысында да жағдай ауыр екенін алға тартты. Тіршілік нәрін тежеп қалған соң, біздің тарапымыздан тапшылық туындағаны белгілі. Алдағы 17 жылда жағдай күрделенуі мүмкін. Сондықтан жұмысын енді бастаған министрлікке жүктелген алғашқы міндет – су тапшылығын тудырмау.  

– Әрбір облыста, республика көлемінде шағын-шағын тоған бар. Оларды қайтадан жандандыру керек. Жергілікті жерлерде 1 млн текше метр су сыятын тоған жеткілікті. Бәрін реттеп, орнына келтірген жағдайда, су тапшылығы мүлде жойылмағанымен, қолайлы жағдай туады, – деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатыбалдиев.

Су ресурсы саяси маңызға ие. Тиісінше, экономикаға да, экологияға да тікелей қатысы бар. Тіршілік нәрінің тапшылығы Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдеріндегі негізгі мәселеге айналған. Екі миллиардқа жуық халқы бар Азия Тибет пен Гиндукуш тауынан бастау алатын өзен суына тәуелді. Ал ең ірі өзен – Әмударияның ағысына қазір 4 мемлекет таласып келеді. Сондықтан сенаторлар түйткілді дипломатиялық диалогпен шешу керек екенін алға тартты.

– Жаңа министр командасымен ең алдымен, Жолдауда айтылған технологияны енгізуге, елдегі ішкі суды үнемдеуге, су ресурстарының инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлумен қатар, трансшекаралық су мәселесінің де тиімді шешімін табуы керек– деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов.

Жаңа министрлік техникалық базаны қалыпына келтіруі тиіс. Ресми дерекке сүйенсек, бүгінде су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Республикадағы су көлемі  жылына 25 млрд текше метр. Соның 15 млрд текше метрі ауыл шаруашылығына қолданылады.

– Қазақстанда жалғыз институт Жамбыл облысында болған. Қызылордадағы екінші филиалы жабылып қалды. Қазір бірде-бір су маманы жоқ. Мемлекет басшысы маңызды мәселені айтты, – деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев.

2040 жылы Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Мәселені ушықтырып алмау – жаңа құрылған министрліктің міндеті. Әрі көршілес алыс-жақын елдермен су дипломатиясын орнату керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізуді де Президент Үкіметке жүктеген болатын.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысының Жарлығымен жаңадан 5 министрлік құрылды