Кездесу барысында Президентке ұлттық пошта операторының даму стратегиясы таныстырылды
Мемлекет басшысы "Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованы қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Президентке ұлттық пошта операторының даму стратегиясы таныстырылды.
"Қаржылық жағдайды оңалту, әлеуметтік банкті дамыту және қаржылық қызметтердің рөлін күшейту, қолданыстағы инфрақұрылымдар базасында мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ электронды коммерция мен халықаралық сәлемдемелерге баса мән бере отырып, дәстүрлі пошта бизнесінің тиімділігін арттыру "Қазпошта" жұмысының басым бағыттары болады", – Әсел Жанасова.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа бизнеске ауылдың әрбір тұрғынына қызмет көрсету және тауар жеткізу мүмкіндігін беру үшін компанияның инфрақұрылымын, логистикалық және бөлімшелік желілерін дамытуға қатысты жоспары туралы мәлімет берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы аймақтардағы пошта операторы жұмысының әлеуметтік маңыздылығына назар аударып, аталған бағыттар жөніндегі стратегияны жүзеге асыру ісін жалғастыруды тапсырды.