|
20.03.2019 | 17:39
3670

«Әркімнің қолынан келмейтін тарихи қадам» – қоғам қайраткерлері Елбасы шешімі жайында

«Қазақстанның әрбір жетістігі тікелей Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты» деп пікір білдірді қоғам қайраткерлері

«Әркімнің қолынан келмейтін тарихи қадам» – қоғам қайраткерлері Елбасы шешімі жайында

Қазақстанның жетістіктері Тұңғыш Президенттің есімімен тікелей байланысты. Ол жоқтан барды құрап, Қазақстанды мемлекет ретінде әлемнің картасына енгізді. Экономикамызды тұрақты даму жолына қойып, елде бұрын-соңды болмаған жаңа өндірістер ашты. Сондықтан «Қазақстанның әрбір жетістігі тікелей Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты» деп пікір білдірді қоғам қайраткерлері.

Расымен де, Нұрсұлтан Әбішұлының ел басқарғалы атқарған еңбегі орасан. Әуелі шекарамызды шегендеп бекітті. Соның арқасында түн ұйқымыз тыныш, ел іші ынтымақ-бірлікте өмір сүруде дейді көпшілік. Әлемге ажал отын себетін қарулардан бас тартып, жойқын қарусыз да ел іргесін бүтін ұстауға болатынын бүкіл дүниежүзіне үлгі етіп көрсетті. Ал кешегі қабылдаған шешімі «әркімнің қолынан келмейтін, тарихта қалар маңызды құбылыс» деп ойын түйді қоғам қайраткерлері.  

«Елбасының еліміздің, халқымыздың алдындағы атқарған еңбегі орасан. Қарасаңыздар, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстанның экономикасы барлық елдермен байланысты еді. Сол бір тағдыршешті сәттері көбісі «Қазақстан құрыды» деп түңіліп жатқанда, Елбасымыз үлкен ерлік көрсетіп, табандылық танытып, экономиканы құрастырды. Халықта ақша жоқ, жалақы жоқ, айқай-шуы көп шақтары бәріне шыдастық танытып, жұртты ұйыстыра, ұйымдастыра білді. Бұл – үлкен батылдық. Сол кездері өзі тарихи маңызы бар бірталай шешімдерге қол қойып, өз жарлығымен талай заңды енгізді. Сол орасан еңбектің арқасында Қазақстанды тарихымызда болмаған нарықтық экономикада өрге сүйрей білді», – деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Рахман АЛШАНОВ.

«Білім саласындағы ол кісі істеген дүниелерді екінің бірі жасамайтыны анық. Қандай қиын кезеңде «Болашақ» бағдарламасын енгізді. Ондағы ойы не? Біздің жастарымыздың сол шетелдің озық тәжірибесінен үйреніп, елімізге озық маман иелері болып келуіне барынша күш жұмсап, соған аянбай қаржы бөлінді. Міне, әлі күнге дейін жалғастырып келе жатыр. Сол бағдарламаның рахатын көріп, шетелде білім алған ұрпағымыз қазір елді басқарып, түрлі-түрлі салада қызмет атқарып, жемісін көріп жатыр», – деп атап өтті Қазақстанның еңбек ері, ұстаз Аягүл МИРАЗОВА.

«Біз бақыттымыз, біз Елбасымен бірге бақытты болдық! Өмірде көрмеген қаншама спорт кешендерін көрдік. Мінеки, Алматының өзінде сәнді «Алматы Аренамыз», «Халық Аренамыз» тұр. Қаншама спорт кешендері салынып жатыр. Осының барлығы Елбасының игілігі, халыққа деген ниеті. Ол кісінің спортты өте жақсы көретіні соншалық, әрбір Олимпиада ойындарында, әрбір әлем біріншіліктерінде жастарды жинап, үлкен сенімменен, өзінің ақ тілегімен үлкен сапарларға жіберіп жатады. Әрбір президент олай істей бермейді. Бұл спортқа деген, жастарға деген өзінің сүйіспеншілігі. Сондықтан біз әрқашан үлкен ағамызбен біргеміз!», – деді ерекше толқыныспен олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир