Шанхайға сапар: Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цянмен кездесті

Сурет: primeminister.kz
Сурет: primeminister.kz
Екі ел арасында тауар айналымы артып келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шанхайға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап. 

Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

— Екі мемлекет басшылары арасындағы жеке достық байланыстар біздің өзара ықпалдасуымыздың барлық бағыттарына оң әсерін береді. Жақында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қытай Төрағасы Си Цзиньпинмен және Сізбен өткен келіссөздері “алтын 30 жылдықтың” кезекті дәуірінде Қазақстан-Қытай ынтымақтастығын жаңа мазмұнмен толықтыруға мүмкіндік берді, - деді Премьер-Министр.

Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Мәселен, өткен жылы екі ел арасында тауар айналымы 35%-ға артып, рекордтық $24,2 млрд-қа жетті.

Биыл да қарқынды өсім жалғасуда: өткен айларда өзара сауда айналымы тағы 21%-ға өсті.

Премьер-Министрдің пікірінше, қазіргі таңда енгізіліп жатқан визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

— Визасыз режимнің 10 қарашадан бастап күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе, алдағы “Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы” аясында өте өзекті. Менің ойымша, бұл шара азаматтарымыздың саяхатын қолжетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі, - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі Қытаймен ынтымақтастықтың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты.

Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Қытай  мен Қазақстан арасында құбылмалы халықаралық жағдайдың сынақтарынан сәтті өткен өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

  Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзіне асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халықтарымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді, — деді Ли Цян.

Оқи отырыңыз: Шанхайда 5 қарашада VI Қытай халықаралық импорт көрмесі ашылады

Новости партнеров