Астана алғашқы ақ қарымен Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды. Қазақ жеріне тұңғыш рет табаны тиген мәртебелі мейманды елорда әуежайында Премьер-министрі Әлихан Смайылов күтіп алды. Артынша құрметті қонаққа Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев төр ұсынды, деп хабарлайды тілшісі.
Алдымен құрмет қарауылы сап түзеді. Артынша қос елдің әнұраны шырқалған соң президенттер екі жақтың делегациясымен таныстырып шықты. Сәлден кейін шағын құрамда келіссөз жүргізуге кірісті. Сөз алған Қазақ елінің басшысы Франция біздің ел үшін Еуропа Одағындағы басты және сенімді серіктесі екенін атап өтті.
– Біз сіздің алғашқы ресми сапарыңызға ерекше мән беріп отырмыз. Себебі бүгінгі кездесу екі ел арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты жаңа белеске көтереді. Мен бұған кәміл сенемін. Франция – Қазақстанның Еуроодақтағы маңызды серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 млрд долларға жетті, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ынтымақтың беки түсуі екі ел үшін де маңызы зор. Өз кезегінде Франция президенті де Қазақстанмен арадағы байланысқа жоғары бағасын берді. Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қарашада Францияға жасаған ресми сапарында әріптесін Астанаға шақырғандығын атап өтті.
– Президент мырза, ресми сапармен келуге шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Астанаға келіп, Сізбен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Осы сапарды ұйымдастырғаныңызға ризашылығымды білдіремін. Бұл сапар біздің екіжақты серіктестігіміз үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгін біз өзекті халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, БҰҰ Жарғысын, соның ішінде аумақтық тұтастық, ұлттық тәуелсіздік қағидаттарын сақтауға бейілді екенімізді тағы да нақтылай аламыз, – деді Франция президенті Эмманюэль Макрон.
Франция – Қазақстанға ең көп инвестиция салған Еуропадағы алпауыттардың бірі. Мұнай, уран және ғарыштық зерттеулер саласында екі ел арасында мәмілелескен жоба көп. Сарапшылардың айтуынша, бұл кездесуде Францияның энергетикалық қауіпсіздік мәселесіндегі біраз түйткіл оң шешімін табуы мүмкін.
– Дүниежүзінде энергия көзі мәселесі талқыланып жатыр. Оның ішінде уран мәселесі бар. Францияда АЭС көп және оларға энергия көзі керек. Сондықтан француз тарабы еліміздегі уран мәселесіне де белгілі бір ұсынысын енгізуі ықтимал, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Саиров.
Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді де талқылады. Басқосу екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамның отырысында жалғасты.
Айта кетейік, қаладағы тәртіп сақшыларының жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Себебі қарашаның басында бас қалаға бірнеше елдің басшысы келетіні жөнінде ақпарат бір апта бұрын айтылған еді. Қала маңына 7 бірдей блок-бекет қойылған.
– Францияның, Түркияның президенттері кез келген жерге бара бермейді. Демек, еліміз дамып жатыр. Қауіпсіздік керек, – қала тұрғыны.
– Блок-бекет қойылғаны дұрыс. Қаланың ішіндегі қозғалыстың жүріп-тұруына кедергі келмесе болды. Бірақ халықтың қозғалысын шектеуге болмайды, – деді қала тұрғыны.
Құрметті қонақтар қатарын ертең Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан толықтырады. Ал жұма күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған ресми сапарымен келеді.
Айта кетейік, мемлекет басшыларының қатысуымен елордада Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық Х саммиті өтпек.
Камшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Астана
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон қаңдай маңызды құжаттарға қол қойды