|
05.04.2020 | 18:21
3828

М. Әшімбаев бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ – Тоқаев

Мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді

М. Әшімбаев бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ – Тоқаев

Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталады. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының отырысында осылай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мемлекет басшысы депутаттар алдына Сенат төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтің кандидатурасын ұсына келген еді. Өз кезегінде сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы бір ауыздан қолдап, Мәулен Әшімбаевты жоғары палата төрағасы етіп сайлады.

Бүгін бас қаладағы бірқатар тағайындаулар Сенат төрағасын сайлаудан басталды. Парламент Сенатының отырысына қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен пандемияның ел экономикасына тигізген кесірі туралы айтып өтті. Індетпен күресте жұртымыз жұдырықтай жұмыла білгенін тілге тиек етті. Экономикада түбегейлі реформа жүргізу қажет деді Президент.

«Сын сағаты Қасиетті рамазан айымен тұспа-тұс келді. Халықтың жігерін қайрап, төзімін шыңдауға мұның да әсері боды... Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп отырғанын көріп отырмыз. Жағдай күрделеніп кетпесе, төтенше жағдай режимі 11 мамырда аяқталады. Бірақ карантин режиміне байланысты іс-шаралар жалғаса береді. Бұл ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін аса қажет», – деді ҚР  Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Одан кейін мемлекет басшысы Дариға Назарбаеваның Сенат Төрағасы лауазымында атқарған қызметін жоғары бағалап, оған өз ризашылығын білдірді.

«Өздеріңізге мәлім, менің Жарлығыммен Сенат депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Ол Сенат төрағасы ретінде бір жылдан астам белсенді әрі жемісті жұмыс істеді. Сол үшін Дариға Нұрсұлтанқызына ризашылығымды білдірдім», – деді ҚР  Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Бүгінгідей күрделі кезеңнен елімізді аман-есен алып шығу үшін Сенат депутаттарын жұмыла жұмыс істеуге шақырған Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Мәулен Әшімбаевтың кандидатурасын ұсынды.

«Ол мемлекет ісінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұзақ жыл түрлі салада жемісті және тиімді қызмет атқарды. Сондықтан бұл қызметті абыроймен атқаратынына күмәнім жоқ, – деді Мемлекет басшысы. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Мәулен Әшімбаев Парламент Сенатының Төрағасы болып сайланды. Су жаңа төраға Президентке және сенаторларға жоғары сенім көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.

«Қазіргі уақыттағы ең өзекті мәселе, әрине, бүкіл әлемге тараған пандемия індетімен күресті жалғастыру. Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық мемлекеттік органдардың басты міндеті төтенше жағдай режимі аяқталғаннан кейін Елбасымыздың саясатының сабақтастығын сақтап, мемлекетімізді, экономиканы одан әрі дамытуға, еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған Президентіміздің стратегиясын іске асыру болып табылады. Қазақстан Парламенті Сенаты Мемлекет басшысының саясатын заңнамалық тұрғыда сапалы қамтамасыз етуге мен бар күш-жігерімді саламын деп сіздердің алдарыңызда уәде беремін», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен ӘШІМБАЕВ.

Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі болған Дәурен Әскербекұлы Абаев тағайындалды.  Ол соңғы 4 жылда еліміздің ақпарат, коммуникация және қоғамдық даму саласына жетекшілік етті. Ал, Президенттің экс-көмекшісі Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне келді.

Асылбек Тойбек, "Алматы" арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир