Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшылары Алматыда бас қосты. Келелі кездесуге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Арменияның премьер-министрлері жиналды. Барлығының талқылаған тақырыбы – «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі», деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты форум осымен екінші рет өткізіліп отыр. Кездесу барысында 5 ел арасындағы цифрландыру мәселесі қаузалды. Алқалы жиында алғаш болып сөз алған еліміздің Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев «Астана хаб» технопаркінің жұмысына тоқталды. Онда көптеген стартаперлер өз жобаларын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, талантты жастарды да елге шақырды. Келемін деушілерге баспана мәселесі шешілетінін, әлеуметтік пакетпен қамтылатынын айтты.
«Былтыр «Астана хабты» құрған кезде мұндай нәтиже береді деп ойламадық. Осы күні онда жұмыс істеп жатқандар өте көп. Стартаперлерге барлық жағдай жасалған. Біз жобаны іске қосқан кезде, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусиядан әріптестер қызметтерін бастап кеткен болатын. Қазір онда жұмыс қызып жатыр. IT саласы қазір күн санап дамып келеді. Сондықтан біз информатика пәнін де 7-ші сыныптан емес, 3-ші сынаптан бастап оқытуды жөн көрдік», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қазақстан премьері елімізде IT университеттерін көбейту керегін де тілге тиек етті. Жалғыз Алматыдағы IT оқу орны аздық қылатынын айтып, «Астана хабтың» жанынан осы жылы тағы бір IT университет ашылатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде IT саласына қызығатын мамандарды даярлауға септігін тигізеді. Жиында сөз алған Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев сандық жүйеге толық ауысып кеткендей көсіле сөйледі. Айтуынша, Ресейде цифрландыру қарқынды жүргізіліп жатыр екен. Тіпті, ресейлік стартаперлер жасаған жүргізушісіз басқарылатын көлікке де отырыпты.
«Құрметті әріптестер мұндай форумды өткізу дәстүрге айналды. Бұл шара Одаққа мүше 5 ел үшін өте маңызды. Бізде цифрландыруға алдағы 5 жылда 30 миллиард доллар бөлінбек. Сонымен қатар, «Цифрлық даму министрлігі» құрылған. Бұл IT саласын одан әрі дамытуға септігін тигізеді. Жалпы, барлық саланы сандық жүйеге ауыстыру керек», – деді Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий МЕДВЕДЕВ.
Ал жиынға келген қазақстанның қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев цифрландырудың маңыздылығын айтты. Оның айтуынша, кедендік жүйеге электронды қызмет енгізіп жатыр. Мәселен, 70 пайыз декларация адам күшінсіз іске асырылады. Сонымен қатар, көлеңкелі экономиканы 40 пайызға қысқарту көзделген.
«Қазір көлеңкелі экономикамен күрес қарқынды жүріп жатыр. Алдағы уақытта тауар айналымын және бизнес процестерді толығымен сандық жүйеге ауыстыру көзделіп отыр. Ол кезде жемқорлық та жойылады. Өйткені, онда адам күші қажет емес, барлығы электронды түрде айқын жүзеге асады. Бұл жоспар 2025 жылға қойылған. Алайда, біз уақытынан бұрын аяқтаймыз деп ойлаймын», – деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Руслан ЕҢСЕБАЕВ.
Алқалы жиын соңында одаққа мүше елдердің технопарк басшылары мемарандумға қол қойды. Енді инновациялық жобаларды бірігіп іске асыратын болады. Еске салсақ, «Жаһандану дәуіріндегі цифрландырудың күн тәртібі» форумы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткізіліп келеді. Бас қосудың басты себебі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында цифрлық технологияларды біріге дамыту.
Өмір Әнуарбек, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы