Қазақстан Ливанға тағы да әскерилерін аттандыратын болды

Қазақстан Ливанға тағы да әскерилерін аттандыратын болды
Қазір Таяу Шығыстағы осынау елде Қазақстанның 120 сарбазы бітімгершілік миссиясын атқаруда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан әскерилері Ливанға тағы да бітімгершілік мақсатта аттанбақ. Қазір сарбаздар «Іле» полигонында жаттығып жатыр деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Біріккен Ұлттар ұйымының миссиялық тапсырмасын орындау үшін бұған дейінде 120 сарбаз Ливандағы соғыс ошағына кеткен еді. Еліміздің Қорғаныс министрі енді екінші бітімгершілік ротаның дайындық барысымен танысты.

Көптен бері жалғасып келе жатқан қақтығыстар ошағына барып, тұрғындарға көмек көрсететін қазақ сарбаздарына елдегі білікті офицерлер түрлі қиындықтарға төтеп берудің жолдарын үйретіп жатыр. Бітімгершілік әскердің негізгі міндеті – Ливандағы өздеріне берілген аумақтық шекарада бейбітшілікті сақтау.  

Сапар барысында Қорғаныс министрі бітімгершілік рота жабдықталған оқу-материалдық база мен әскери техниканы қарап шықты. Сабақтардың теориялық бөлімі БҰҰ-ның жалпы ережелері мен құрылымын, Ливандағы бітімгершілік миссияның ерекшеліктерін зерделеуді қамтиды. Іс жүзінде бітімгершілік рота блок-бекеттерде, бақылау-өткізу пункттерінде қызметтің ұйымдастырылу машықтарын жетілдіру мен патрульдеуді жүзеге асырудың жолдарын үйренеді.

«Бүгінде қаруластарыңыз Ливан Республикасында бітімгершілік миссияларын лайықты орындауда. Бұл мемлекеттік маңызды іс. Бұл – әлем қоғамдастығы алдында Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерді орындауы болып табылады. Бітімгершілік миссияға қатыса отырып, сіздер халықаралық аренада Қазақстан Республикасының намысын қорғайтыңдарыңызды естен шығармаңыздар. Алған білімдеріңіз бен жауынгерлік машықтарыңыз әр түрлі стандарттық емес жағдайларда блок бекетке жасалған шабуылға тойтарыс беру кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді», - дейді ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан ЕРМЕКБАЕВ.

Сарбаздар Ливан еліне сәуір айының соңында аттанып, ол жақта борышын өтеп жатқан әріптестерін алмастырады. Десантшылардың іс-сапары 6 айға жалғасады. Жалпы, еліміздің Қарулы күштері әскери қызметшілердің санын әлі де көбейте түспек.  

Әмірболат Құсайынұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров