Мәскеудің Алматыдағы күндері аясында екі қаланың бауырластық қатынастарының 25 жылдығына орай инвестиция, сауда-экономикалық және іскерлік ынтымақтастық мәселелері бойынша конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде екі қаланың достық қарым-қатынасының өміршеңдігін ерекше атады.
«Кезінде Алматыда тарихи және мәдени тұтастық біріктірген екі ел арасында стратегиялық маңызы бар байланыстар туындаған болатын. Біз заманауи Мәскеудің даму үрдісін жіті қадағалаймыз, жетістігіне қуанамыз, озық тәжірибесін үйренеміз», - деді Ержан Бабақұмаров және Алматыдағы Мәскеу күндерінің екі қаланың пайдасы үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен жоспарларды бөлісуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қала әкімінің орынбасары Алматы Қазақстанның мәдени және іскерлік орталығы екенін қадап тұрып айтты. Ең бастысы, дамыған инфрақұрылым, қаламыздың зияткерлік және мәдени бай мұрасы мен ондаған жылдар бойына жинақталған адами капитал креативті экономиканың дамуына кеңінен жол ашады.
«Айта кетерлігі, біздің қалаларымыз арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуда жергілікті әкімшілік, іскер жандар мен шығармашыл ұжымдар делегацияларының пікір алмасу сапарларының, кездесулерінің, келіссөз жүргізулерінің маңызы зор», - деді Е. Бабақұмаров.
Өз кезегінде Алматыдағы Ресейдің Бас консулы Евгений Бобров Ресей мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықта Мәскеу мен Алматының басты рөл атқаратынын атап өтті.
«Алматы мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2018 жылдың қорытындысы бойынша 4,7 млрд. долларға жетті. Ал, Мәскеу мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4 млрд. долларды құрайды», - деді Бас консул және Алматыдағы Мәскеу күндерінің іскерлік мазмұнға бай екенін әрі екі жақты байланысты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті.
Алматы әкімдігі мен Мәскеу үкіметі арасында 2020-2023 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат сауда-экономикалық, гуманитарлық және мәдени ынтымақтастықта екіжақты қарым-қатынасты айқындайды.
Алматы әкімдігі тарапынан меморандумға қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, ал Мәскеу үкіметі жағынан Мәскеу үкіметінің министрі, сыртқыэкономикалық және халықаралық байланыстар департаментінің басшысы Сергей Черемин қолдарын қойды.