Сирия жайлы ертегінің соңы қайғыдан қан жұттыруда

Сирия жайлы ертегінің соңы қайғыдан қан жұттыруда
«Жихад» деп кеткендердің «Жусан» операциясымен елге оралуы көптеген жандардың үміт отын жақты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сирияға баратындар байлыққа белшесінен батады деген өтірік. Тіпті, ондағы соғыстың сойқанын көргендер жараланса да, жауды қолдан жібермейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қысқасы, жауынгерлер атыс-шабыс орнында мерт болғанша мылтықтарын тастамайды. Ал күйеуі қайтыс болған жесір келіншектерге ондағылар зорлықпен бала таптырады. Ол бүлдіршіндердің күні кебек пен қара бидайға қарайды. Қанды қырғында ұлынан айрылған ата-ана осылай дейді.

Бірақ, «жихад» деп кеткендердің «Жусан» операциясымен елге оралуы көптеген жандардың үміт отын жақты дейді, адасқандардың жақындары. Сирияға барып, сергелдеңге түскендерді Қазақстан билігі бас сала айыптаған жоқ. Керісінше, адасқан тағдырларды дұрыс арнаға бұруға білек сыбана кірісті. Елбасының «Жусан» операциясы да сол мақсатпен жүзеге асқан еді.

«Қайғыны уақыт емдейді», дейді ғой. Жоқ, уақыт емдемейді. Бұл қайғы менің жүрегімде өле-өлгенше өшпейді», – дейді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ.

Жанболат ақсақал алпыстан асқан шағында немере иіскеудің орнына, жүрегі қайғыдан қан жылауда. Сирияға кеткен Мақсатының қазасы қабырғасын қайыстырып кетті. Ал бауыр еті баласынан айырылған ана бес жылдан бері ағайын-туыспен де араласудан қалған. Енді ғана басын көтеріп, жарық дүниенің жалғасып жатқанына иланғандай. Бәрі де былай басталған еді...

«2012 жылы балам мешітке бара бастады. Біз оған әрине мұсылман болдық деп қуандық. Бұрын Кеңес Одағында бізге ондай рұқсат етпегеннен кейін, қуанышымызды түсінуге болады ғой. Бірақ біртіндеп ол сақал өсірді. Көзге оғаш көрінген соң «сақалыңды алып таста» деп едім,  тыңдамады. Одан кейін «Шешенстанға, әлде Ауғанстанға, болмаса Сирияға барсам ба екен», деді. Мен оған мән бермедім. «Сенің оларға не керегің бар деп қалжыңдап қоям», – дейді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ.

Оларға керегі тек бұл болмаса керек. Өйткені, Мақсаттың соңынан әйелі де бала-шағасын алып, үн-түнсіз кетіп қалған. Әуелі ата-анасын «оқуға кеттік» деп алдаған жас жұбайлар бұның соңы осыншама қайғымен аяқталарын білмесе керек.  

«Алдында «БАӘ-не барып оқимын» деп айтып жүретін. Сосын бір күні 4-5 айдан кейін «Біріккен Араб Әмірлігінде оқып жүрмін» деп хабарласты. Келіннің аяғы ауыр еді, екі айдан кейін босанды да, баласы екі айлық болғанда ол да күйеуінің артынан кетіп қалды», – деді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ

Мақсат Сирияға жеткен күні-ақ жараланған екен. Бірақ, жау қолында қаза тапқанша оның қолынан тапаншасын түсірткізбеген.

«Біздің жақтан барғандар жарақат алса да, оларды елге қайтармайды. Өлгенше сонда жүреді. Біздің балалар соларға көмектесеміз деп барған. Жаны ашымағандары ғой сол, жараланса да, еліне жібермегендері. Егер арабтар жарақаттанса, онда оларды көрші мемлекетке қайтарады екен»,  – дейді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ

Ақыры, 2014 жылдың желтоқсанында Мақсат өзінің көздеген мақсатына жете алмай, елден жырақта қайтыс болады. Хабар, Қазақстанға бір айдан соң бір-ақ келеді.  

«Кей-кезде ойлап кетсем, ішім удай ашиды. «Мен қалай баламның өзгергенін байқамадым, Алла маған белгі берді ғой, оның соғыс болып жатқан елге барам дегеніне неге мән бермедім екен», деп өз-өзімді қатты кінәлаймын. Мен балам қалжыңдап айтты екен деп қабылдадым, бұлай болады деген ой үш ұйықтасам, түсіме де кірмепті. Егер дер кезінде мән беріп, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне барып айтсам, қазір балам тірі болар ма еді деп ойлаймын.  Бұл бір ағын кетіп бара жатқан. Дер кезінде тоқтатпасаң, кейін қарсы тұра алмай қаласың», дейді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ.

Әйтсе де, әке жүрегі еш жамандық сезбейді. Сорақысы сол, қазақтың жігіттері Сирияда құрбан болғаны аздай, қаракөздердің ары әбден тапталған.

«Менің баламның артында екі баласы қалды. Келін тағы бір баласымен келді. Онда сондай заңдылық бар екен ғой? Егер күйеуі қайтыс болса, артында қалған жесірлерін басқа күйеуге береді. Олардың еркіне қарамайды екен»,– дейді марқұмның әкесі Жанболат ЖАҚЫПОВ.

Қазір қорлық көрген келіншектердің күйзелісін басу үшін арнайы орталықтарда мамандар жұмыс істеуде. Әуелі психологтар, содан кейін теологтар тілдеседі. Олардың әрқайсысының қоғамға бейімделуі өзіне тікелей байланысты екен. Ұққанымыз, адам жанын емдеуде асығыс танытпайды екен.  

«Сириядан келген келіншектер қатты күйзеліс үстінде. Өйткені олар соғыс аймағында зорлық көрді, аштықтың не екенін білді. Сондықтан оларға қазіргі таңда психотерапевт пен психологтардың көмегі көрсетіліп жатыр. Кейбір келіншектер, ертең жұмысқа тұрып еңбектене алатындай  арнайы курстарға қатысып жатыр. Күйзеліс сейілген соң, олармен мықты теолог мамандар жұмыс істейді», – дейді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының психолог-сарапшысы Лола ШӘКІМОВА.

Бір ғана отбасының осы бір орны толмас қайғысы өзгелерге де сабақ болар бәлкім. Ұл-қызыңыздың әрбір айтқан сөзінің астарына үңіліңіз дейді Жанболат Жақыпов. Ал отбасындағы темірдей тәртіп, осындай келеңсіздіктерден сақтайтынына кәміл сенеді. Марқұмның әкесі баласын басынан сипаймын деп, уысынан шығарып алғанына өкінеді. Енді бәрі кеш...  

Әйгерім Ердәулетқызы, Валерий Таубалдиев «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров