Елордада Нұр Отан партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев төрағалық етті. Басқосуға Саяси кеңес Бюросының және Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракция өкілдері, партияның өңірлік филиалдарының басшылары және олардың орынбасарлары, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеңейтілген отырыста партияның сайлауалды бағдарламасы мен съездерде қабылданған шешімдердің орындалу барысы, партия жұмысын жаңғырту және Саяси кеңес Бюросының құрамына өзгерістер енгізу мәселелері талқыға салынды.
Нұр Отан партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысына төрағалық еткен Нұрсұлтан Назарбаев, ең алдымен демократия туралы сөз қозғады. «Америкалық үлгінің» бізге ешқандай сәйкес келмейтінін атап өтті Елбасы.
«Толқу, көтеріліс, шерулерден ештеңе шықпайды. Мәселе шешілмейді. Әр адамның қауіпсіздігі бұзылады. Шу шығарғандар үшін айтарым, барлық сайлаулар конституциялық кезеңге сәйкес өткізіледі. Бұл тақырыпты жабайық», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елбасы заман мен жағдай өзгергенін айтып, бүкіл салаларды күшейту керек деді. Жұмыс істемей, тек сұраумен жүретіндерге былай деді.
«Осыдан отыз жыл бұрынғы «мен көпбалалымын, айлығым аз, маған беріңдер» деген әуенмен әлі жүргендер де бар. Айналайын, осы уақытқа дейін не ойлап жүрсің? Сол баланы туарда, жалпы өміріңді бастарда мемлекетпен ақылдастың ба? Барлық мәселесін мемлекет шешкеннің өзінде, «мұның аз, тағы да бер» дейтіндер бар. Қараңыздар, бір миллион оралманды елге шақырып, көшіріп алып келдік. Бір де бір мемлекет оны жасаған жоқ. Біз алып келдік. Оларға «жұмыс істеңдер, балаларың үйренсін» десек, олар «маған ақша беріңдер» деп өзімізге алақан жаяды. Қысқасы, жұмыс істеңдер, онсыз ештеңе болмайды. Мемлекеттің қаражатын жинайтын – ел, халық. Ал халық жұмыс істемесе, мемлекеттің қалтасында ақша болмаса, нені береміз?», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елбасы бүкіл саланы жегі құрттай жайлаған сыбайлас жемқорлық мәселесіне де тоқталды. Әсіресе Жоғарғы оқу орындарындағы коррупцияны атап, бұл ретте оған қарсы күрес жұмыстарына Қауіпсіздік Кеңесін тартты.
«Көрдік қой кезінде, баласын оқуға жіберген ата-ана артынан қысқа қарай ауылдан соғым жібереді. Солайша оқуды бітіргенше ай сайын жіберіп отырады. Міне, содан бері әлі сонымен жүріп келе жатырмыз бәріміз. Ректорлармен жұмыс істеу керек. 10-20 жылдан бері отырған ректорлар бар. Білім министрі болып келген жас жігіт қайда? Сен соның бәрін қара! Қазір біз Қасым-Жомарт Кемелұлымен келістік. Президент тағайындайды деген нәрсемен қош айтысамыз енді. Үкімет шешеді енді бұдан былай. Іріктеу жүргізіп, жұмысты істейтін, жаны ашитын, балаларға білім беретін адамдарды қалдыру керек», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Елбасы биылғы жылдың «Жастар жылы» екенін еске салып, оларға барлық жағдай жасау керектігін тапсырды. Жастарды баспанамен, жұмыспен қамту қажет деді. Әсіресе ауыл жастарына көңіл бөлуді ерекше айтты. Бұдан бөлек, Елбасы әкімдер мен министрлер орын алған проблемаларға қатысты халық алдына шығып, жауап беруден қорықпауы керек. Туындаған проблема жайында үндемей қалу – жұмыстың ең нашар нұсқасы. Шенеуніктерге адамдарға жақын болу қажеттілігін баса айтты. Елбасы сөз бостандығы түйткіліне де тоқталды.
«Шенеуніктер бұқаралық ақпарат құралдарының редакторларына қысымдық көрсетіп, сынға тосқауыл жасайды. Сондықтан қоғамда өзге шынайылық қалыптасады. Нұр Отан ақпараттық стратегиясын қайта қарастыруы қажет», – деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті ел алдында тұрған экономикалық проблемаларға тоқталып, тұрақты өсімді қамтамасыз ететін жаңа шаралар ұсынды. Атап айтқанда, Елбасы бизнес үшін салық ауыртпалығын төмендету арқылы экономикаға салықтық ынталандыру тетіктерін енгізу керектігін айтты.
«Барлығымыз жиналған саяси кеңестің кеңейтілген отырысында көтерілген сұрақтар бүгінгі заманға сай. Біз «Болашақ» қауымдастығы, «Болашақ» түлектері Елбасының барлық бастамаларын қолдап, оларды жүзеге асыруға дайынбыз», – деді «БОЛАШАҚ» қауымдастығының атқарушы директоры Лаура ДЕМЕСІНОВА.
«Ең бастысы – бізге қазір жұмыс істеу тәсілін қайта қарастыру керек. Одан бөлек, жұмыстың нақты формасына көшкен жөн», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ирина АРОНОВА.
«Елбасымыздың тапсырмасы бойынша, біз халық пен биліктің арасындағы көпірге айналуымыз керек. Бірігіп жұмыс жасауымыз керек», – деді NUR OTAN партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әлиасқар САРЫБАЕВ.
Нұрсұлтан Назарбаев жасанды интеллектіні жан-жақты дамытуға мүмкіндік беретін заңнамалық база әзірлеуді, сондай-ақ осы саланы кәсіпкерлік және ғылыми тұрғыдан қолдау үшін экожүйе қалыптастыруды ұсынды.