«БҰҰ Плазасы». Алматыдағы халықаралық агенттік өкілдері қызмет ететін орталыққа бүгін осындай атау берілді. Салтанатты шараға еліміздің СІМ мен қала әкімі Ерболат Досаев арнайы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
БҰҰ-ға мүше 27 халықаралық агенттік өкілдері Алматыда 18 кеңсе ашып, жұмыс істеп жатыр. Олар түрлі қоғамдық іс-шаралар өткізіп, Қазақстанның өзге елдермен ынтымақтастығын арттырып келеді. Премьер-министрдің орынбасары Мұхтар Тілеуберді алдағы уақытта елімізде БҰҰ-ның Орта Азиядағы халықаралық хабы ашылатынын атап өтті.
«Елімізде БҰҰ офисі ашылады деген ойдамыз. Сол үшін Алматыда орналасқан дипломатиялық корпуспен кездесуді өткізіп, мемлекеттер арасындағы екі жақты қарым-қатынасты талқыладық», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары - СІМ министрі Мұхтар Тілеуберді.
Айта кетейік, Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болғанына 30 жылдан асты. Осы аралықта әлем елдерімен иық тіресетін көшбасшы мемлекетке айналды. Бізде жұмыс істейтін халықаралық агенттік пен ұйымға мүше мемлекет өкілдерінің пікірі осындай. Қазақстанның өзге елдермен татулығын арттыруы көпке үлгі іс, - дейді шетелдіктер.
«Біздің мақсат – БҰҰ мүше 193 елдің арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Қазақстан мүшелікке енген 30 жыл ішінде бірлесіп, толағай табысқа жеттік. Кешегі әлемді жайлаған пандемия кезінде де демеу білдіріп, сынақтан бірге өттік. Осында өзге елдерден арнайы вакцина жеткізуге атсалыстық. Бұл Қазақстанның абыройы мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Жүйелі жұмысты ары қарай да жалғастырамыз», – деді БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.