Қазақстан сынағы көп сындарлы кезеңнен сүрінбей өтіп, мәртебесі биік, тұғыры берік мемлекетке айналды. Дербес экономикасын құрған Қазақ елін бүгінде әлем таниды, мойындайды, тіпті сүйсінеді. Ал тарихтың тар кезеңінде саясат сахнасына шығып, қазақ деген халықты, Қазақстан деген елді дүйім дүниеге танытқан – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Қоғам қайраткерлері мен халық қалаулыларының пікірі осындай, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің батыл бастамалары арқылы Қазақстанды Мемлекет ретінде орнықтырып, кемелдендірді. Еңсемізді тіктеп, ел ретінде өрлетті. Ол өзін тек бір ғана мемлекеттің мүддесін ойлайтын тар шеңбердегі саясаткер емес, бүкіл адамзаттың қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін алаңдайтын қайраткер екенін бірден байқатты дейді халық қалаулылары. Мәселен, ел басшылығын қолға алысымен, Семей ядролық полигонын жапты. Кеңестік кезден мұра болып қалған ядролық қаруларды жойып, жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етті. Қазақ елін жоғары деңгейге шығарды.
«Полигонды Тәуелсіздікке дейін, Компартия күшіне еніп тұрған кезде, 1991 жылдың 29 тамызында жабу – шын мәнінде, азаматтық жүрекжұтқандық, үлкен ерлік», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Сауытбек АБДРАХМАНОВ.
Президенттің бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси реформалар жүзеге асырылды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ғана емес, Кеңес Одағы ыдырап, ауыр саяси және әлеуметтік-экономикалық дағдарыс құрсауында қалған бұрынғы одақтас республикалардың тағдырын, болашағын ойлады. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын және Шанхай Ынтымақтастығы ұйымын құрып, қалыптастыруға сүбелі үлесін қосты.
«Ең басты бастамасының бірі ретінде атап өтетінім, 1994 жылы Мәскеуде өзінің алғаш ұсынысын білдірген Еуразиялық одақты құру және осы одақты дамыту ұсынысын басты деп атар едім. Өйткені, қазіргі кезде 2014 жылы осы идеясы жүзеге асып, 2015 жылы күшіне енді. Президентіміздің бастамаларының тағы бір халықаралық шеңбердегі жетістігі ретінде мысалға, «Түрксой» одағын айтуымызға болады. Яғни, тамыры, тарихы және ұлттық құндылықтарының, мәдениетінің ерекшеліктеріне байланысты түркі мемлекеттерін ортақтастырып, олардың қарым-қатынастарын дамыту мақсатында және болашақтағы ұрпағымыздың мемлекеттеріміздің ынтымақтастығы үшін жасаған үлкен қадамы ретінде атап өтуге болады», – деді саясаттанушы Қарғаш ЖАНПЕЙІСОВА.
Нұрсұлтан Назарбаев қиындық туғанда түркі-мұсылман әлеміне көмек қолын да ұсына білді. Ресей мен Түркия арасындағы шиеленісті реттеуге арағайындық жасады. Қос ел басшыларын татуластырды. Сирияны апат алдына әкелген азамат соғысын тоқтату үшін Қазақстанның Тұңғыш президенті қарсыласушы тараптар мен осы істі бейбіт жолмен реттеуге мүдделі болған шет мемлекеттер өкілдері үшін Астана қаласын диалогтар жүргізу алаңы ретінде ұсынып, дағдарыстың бейбіт жолмен реттелуіне ықпалын тигізді. Ал 2010 жылы Елбасы бастамасымен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалыққа қол жеткізіп, Астанада саммиті өтті.
«Қазақстан Халқы ассамблеясын құруы – зор жетістік. Себебі, елімізде өздеріңізге белгілі 130-дан астам ұлтт пен этнос өмір сүріп жатыр. Бұл – татулық, бұл – бірлік, яғни мәңгілік еліміздің болашаққа тағдыры. Тағы бір атап өтер өте жоғарғы деңгейдегі еңбегі – жастарға мүмкіндіктер жасауы. Осы қара домалақ балаларымыздың озық мемлекеттерге барып, білім алуының өзі Елбасының, Ұлт көшбасшысының саясаты деп білемін», – деп пікір білдірді саясаттанушы Бибігүл БӨЛЕГЕНОВА. Елбасының батыл бастамаларының бірі – елорданы Астанаға көшіру болған еді. Шыны керек, сол бір қиын тұста маңызды шешімі Президенттің дәп жақын маңындағы серіктестері тарапынан қолдау таппаған еді. Десе де, 1997 жылдың 10 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті жаңа резиденциядан тіл қатты. Ал бүгін де Астананы бүкіл әлем таниды.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы