|
20.03.2019 | 19:21
7886

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы салған саяси жолды таңдады

Саяси элитаға, депутаттар мен журналистерге толған Парламент бүгін үш сағат бойы елдегі соңғы жаңалықты талқылау алаңына айналды

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы салған саяси жолды таңдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев салған саяси жолды таңдады. Дәлірек айтсақ, нақты саясат және экономиканы жан-жақты дамыту – Тоқаевтың басты мақсаты болмақ. Бұл ойды өзге елдің елшілері мен депутаттары да қолдайды. Астанада орын алған саяси өзгерістер жайлы Almaty.tv тілшісі Нұржан Сәдірбай баяндайды.  

Саяси элитаға, депутаттар мен журналистерге толған Парламент бүгін үш сағат бойы елдегі соңғы жаңалықты талқылау алаңына айналды. Өйткені, он екіде басталған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына ант беріп, Президенттік өкілеттікті қабылдауына шақырылғандар таңғы тоғыздан жинала бастады. Көзіміз көріп, көңілге түйгеніміз - ресми шарада бәрі қобалжулы болды. Кейбір депутаттар мен министрлер сұрақтардан қашса, шараға жауаптылар барлығы ойдағыдай өтуін қадағалады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатуын өз бетінше түсіндіре білгендер де болды.

«Мемлекет басшысының көрегенді саясаты әрі қарай жалғасады деп ойлаймын. Себебі, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретінде қалуының өзі, кешегі сөзі, болашақ жастардың қалыптасуына өзінің үлкен септігін беріп жатыр. Сондықтан оған ел тағы да үлкен сенім артып жатыр», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бахтияр МӘКЕН.

«Қатты таңданғаным рас. Бұл жерде бір айтатыным, Елбасы бұл мәселені де мықты шешіп, әлемдік деңгейдегі саясаткер екенін кезекті рет дәлелдей білді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бейбіт МАМРАЕВ.

Саналы ғұмырын Қазақстан халқының әл-ауқатын көтеруге арнаған Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевқа өзге мемлекеттер де сенім артады. Саяси жиынға келген елшілер осындай пікір білдірді. Елшілер Елбасы мен дипломатияны жақсы меңгерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетістіктерін жіпке тізіп, мүдірместен айтып жатты. Бұл шара басталмай тұрып айтылған пікір болатын.

«Қасым-Жомарт Тоқаев ашық кісі. Әркезде қандай сауал туындаса да, өз кеңесін беруден жалықпайды. Екі ел арасындағы қарым-қатынасты қалай өрбіту керегін жақсы білетін жан. Нұрсұлтан Әбішұлының бастап берген саясатын ары қарай Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастыратынына біз сенімдіміз», – деп атап өтті Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей БОРОДАВКИН.

Қазақстаның Тұңғыш Президенті салған сара жолын жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев одан ары жалғастырады. Нақтыласақ, әлемде бейбітшілікті насихаттап, еліміздің экономикалық, саяси, мәдени дамуына күш салмақ. Ант беру рәсімінен кейін Тәуелсіз Қазақстан жеткен жетістіктер тек Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты деп тоқталды Тоқаев.

«Аса қадірлі Елбасы, жиналған қауым! Менің ҚР Президенті қызметімдегі бірінші шешімім – «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңға және «Мемлекеттік наградалар» туралы заңға сәйкес, Тәуелсіз Қазақстанды орнатудағы тарихи үлесі, экономикалық және әлеуметтік және гуманитарлық дамытудағы, қазақстандық қоғамды топтастырудағы аса үздік еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айрықша ерекшелік белгісі «Алтын жұлдыз» орденін тапсыра отырып, «Халық қаһарманы» атағын беремін», – деді Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ал Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қауіпсіздік кеңесі» мен «Нұр Отан» партиясының төрағасы болып қала бермек. Бұл дегеніміз, алдағы уақытта ол саяси шешімдерге тікелей өз шешімін айта алады.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

Прямой эфир