«Мизамдағы» өрт: 2 сағатта 3000 шаршы метр аумақ күлге айналды

«Мизамдағы» өрт: 2 сағатта 3000 шаршы метр аумақ күлге айналды
Өртті сөндіруге тікұшақтардан бөлек, 64 өрт сөндіруші мен 20-дан астам техника жұмылдырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының аты шулы барахолкасы тағы да өртке оранды. Тілсіз жау бүгін түсте «Мизам» базарының маңындағы қоймалардан шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоймада тез тұтанантын металл-пластик заттар мен рәзіңке бұйымдар сақталған екен. Тауарлар қатты жанатын қаптардың ішінде буылып тұрған. Төтеншеліктер жеткенше қызыл жалын лезде күшейіп, қойманы құрсауына алды. Өрт сөндірушілердің күші жетпегесін, әуеден қос тікұшақ тартылды. Соған қарамастан, айналдырған 2 сағаттың ішінде от 3000 шаршы метр аумақты күлге айналдырды. Жалынның жылдам жайылуына қоймаларда пластик заттардың көп болуы әсер етуі мүмкін екен. Куәгерлер өрт сөндірушілер келгенше тауарларын өз күштерімен сыртқа тасып, аман алып қалуға тырысқан.

«Ар жақтағы көршілердің тауарларын жанып жатқан жерінен алып шығып, барынша көмектестік. Бірақ бір КАМАЗ ғана алып шықтық, қалған 8 қойма түгел жанып жатыр. Бірінен екіншісіне өршіп кетті. Қазір алып шыға алған тауарлар сыртта, бірақ өкінішке қарай, қаншама адамның тауары жанып кетті», – деді куәгер Жанат АЛМАҒАМБЕТОВ.

Тілсіз жауды ауыздықтауға тікұшақтардан бөлек, 64 өрт сөндіруші мен 20-дан астам техника жұмылдырылды. Құтқарушылар қызыл жалынмен әбден арпалысып, тек кешкі 17.00 шамасында ғана сөндірді. Қойманың жанында тұрғын үй кешеніне де қауіп туындады.

«Өрт көршілес орналасқан қоймаларға тарап кетеді ме деп алаңдадық. Сондықтан, бірден іске кірісіп, қоймадағы құнды материалдарды сыртқа шығардық. Мобильді жұмыстың арқасында отты сөндірдік. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен келтірілген шығын кейін анықталады», – деді Алматы қаласы ТЖД басшысы Серік ӘУБӘКІРОВ.

Новости партнеров