Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылды
Биыл елімізде 15 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Бұдан бөлек 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымы жаңартылмақ. 200-ге жуық мектеп пен 44 студенттік жатақхана бой көтеретін болады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім болды. Алқалы жиында былтырғы жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары жарияланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырмалардың орындалу барысы айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Баяндамасын алғашқы болып таныстырған Үкімет басшысы Асқар Мамин халықтың нақты табысы былтыр 5,5 пайызға артқанын жеткізді. Қазақстанда еңбек етіп жатқан 2,7 миллион адамның жалақысы өскен екен. Премьер-Министрдің айтуынша, биыл 400 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 150 мың отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бұдан соң сөз алған Ұлттық банк төрағасы былтырғы жылы инфляцияға азық-түлік тауарларының қымбаттауы әсер еткенін жеткізді. Әсіресе, нан өнімдерінің құны шарықтағанын атап өтті. Ерболат Досаевтың сөзінше, көлеңкелі экономиканың көлемін азайту әлі де маңызды тапсырмалар қатарында қалып отыр.
«Халық күн сайын сомасы 37 млрд теңгеге 4 миллионнан астам транзакция жасайды. Бірақ, мұндай өсімнен бюджет үшін нәтиже әзірге байқалмайды. Біз Үкіметпен және нарыққа қатысушылармен бірлесіп жүргізетін жұмыс қолма-қол ақшасыз (бөлшек) төлемдер нарығын дамытудың келесі және сапалы жаңа кезеңіне көшуді қамтамасыз етеді», - деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат ДОСАЕВ.
Ал, Бердібек Сапарбаев былтыр ел тұрғындарының өмірі қалай өзгергенін айтып берді. Анықталғаны елімізде 315 мың отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. Нәтижесінде 136 мың отбасы мұқтаждықтан шыққан. Ал 550 мың азаматтың банк алдындағы борыштық жүктемесі төмендеді. Бұдан бөлек 1,2 млн адамның өсімпұлы мен айыппұлы кешірілді.
«Халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша сіздің берген тапсырмаңызды орындау үшін Үкімет өткен жылы 2 700 мың адамның, 770 мың мұғалімнің, дәрігерлердің, әлеуметтік, мәдениет, өнер, спорт, архив салалары қызметкерлерінің жалақысын 30 пайызға ұлғайтты. Зейнетақы, жәрдемақы орта есеппен 7-20 пайызға көбейді. Бұларға берілетін қаржы былтырғымен салыстырғанда 300 млрд теңгеге артып, 3 трлн 300 мрлд теңгені құрады», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.
Ал жұмыссыздық деңгейі 2018 жылмен салыстырғанда тек 0,1 пайызға ғана төмендепті. Кеңейтілген отырыста жалақы мәселесі де талқыланды. Мәселен, Мемлекет басшысы қазақстандықтар мен шетелдіктер еңбекақысындағы теңсіздікке жол берілмеуі қажет деп қадап айтты.
«Жалпы белсенді жұмыс атқарылып жатыр. Бұл көрініп тұр. Бірақ, сұрағым бар. Шетелдік және жергілікті жұмыскерлерге жалақы төлеу жөнінде теңсіздікке жол бермеу керек. Бұл – анық мәселе. Осы жұмыстың нәтижесі қандай? Нәтижелер қазір бар ма, жоқ па?», - деді Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Белгілі болғаны, қазір елімізде 2010 кәсіпорында шетелдік азаматтар еңбек етуде. Оларда жұмыс істеп жатқандардың 96 пайызы - қазақстандықтар.
«Сіздің тапсырмаңызға сәйкес, Еңбек министрлігі, Бас прокуратура жергілікті билік өкілдерімен бірігіп, 3 мыңнан астам шетелдік жұмыс істейтін 96 кәсіпорынды тексерді. Соның нәтижесінде мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. Бас прокуратураның көмегімен 500-ден астам шетелдік еліне қайтарылды. 470 еңбек шарты бұзылды», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.
Сондай-ақ Президент бүгін шетелден келетін көліктерге қатысты шешім қабылдады. Бұдан былай ресей, қырғыз және армян көліктерін тізгіндейтін қазақстандықтар темір тұлпарларын уақытша тіркеуі тиіс. Жиында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі де сөз болды. Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағыттағы жұмыстар ретінің қалай жүзеге асып жатқанын әкімдерден сұрады.
«Әзірге тұрғындармен ешқандай проблема жоқ. Әр дүйсенбі сайын Денсаулық сақтау басқармасы мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың филиалы есеп береді. Аталған мәселе үнемі басты назарда», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Қасым-Жомарт Тоқаев BekAir әуе компаниясының ұшағында болып, апаттан зардап шеккендер жайлы да сұрады. Айтуынша, оған жапа шеккендердің өтемақы алмағандығы жөнінде хаты келген.
«Адамдар ауруханада жатыр, кейбірі еңбекке жарамсыз болып қалды. Бұған байланысты не істеліп жатыр?», - деген сауал тастады Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
«Қаза тапқандардың отбасына 4 миллион теңгеден берілді. Бұдан бөлек, барлық жолаушы сақтандырылған. Жуық арада өтемақы береміз. Қажетті барлық құжат рәсімделді. Зардап шеккендердің ішінде түрлі аймақ өкілдері бар. Жалпы алғанда, 52 адам зардап шеккен. Оларға жергілікті атқарушы органдар мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмектеседі», - деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман СКЛЯР.
Президент мәселеге әкімдердің назарын аудартып, жақын арада шешуді жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы мектеп дәретханасында болған зорлық ісін де назардан тыс қалдырмады.
«Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау керек. Әкімдерге биыл өңірлерді бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауды және мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептерді қарапайым қажеттіліктермен 100 пайызға қамтамасыз етуді тапсырамын. Таразда болған оқиға – масқара», - деді Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Отырысты қорытындылаған Президент Министрлер кабинетіне 15мамырға дейін жұмыс жоспарын құруды тапсырды. Аталған құжат медицинадан бастап, қаржы саласына дейін бүкіл саланы қамтуы қажет деді мемлекет басшысы.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан қаласынан