Қазақстан Президентін сайлау науқанына Ресей мен Беларусь Республикасынан бақылаушы боп келген Елена Афанасьева мен Евгений Адаменко дауыс беру процесінің қалыпты, заң бұзушылықсыз өткенін айтып, сайлаудың өзін жоғары бағалады. Шетелдік бақылаушылар бүгін "Қазақстан" қонақ үйінде арнайы брифинг өткізіп, алған әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Таң атқалы бері бақылаушылардың үшінші легі ауысып жатыр. Сайлауға келушілер де аз емес, жалпы бәрі ойдағыдай өтті» – дейді ресейлік бақылаушы Елена Афанасьева.
Ал Беларусь елінен келген Евгений Адаменко болса, кейбір учаскелерде бақылаушылар сайлау жәшігінің нашар көрінуіне байланысты, олардың орнын ауыстырғызғанын атап өтті.
«Тұтас алғанда, комиссия жұмысына шағым жоқ. Дауыс берушілердің арасында жастар көзге көп түсті. Әсіресе, түске дейін. Бәлкім, олар таңертең дауыс беріп, түстен кейін жеке шаруаларына алаңсыз кірісейін деген шығар» – деді Евгений Адаменко.
Сондай-ақ, бақылаушылар жылдағыдан қарағанда биыл өз қатарларының көптігін алға тартты. Бұл да бір ерекшелік, саяси науқанға деген өзге елдердің қызығушылығының артқанының көрінісі деді олар.
«Қарқын жақсы. Адамдар белсенді. Ал, әлі де болса сайлауға халық толық келмеді деген мәліметтер болса, оның анық-қанығы бір аптадан кейін белгілі бола жатар. Бірақ мына қарқынның өзі жаман емес. Біздің ойымызша, кешкі сағат 20.00-ге таяу сайлау толық қорытындыланып, сағат 21.00 шамасында кімнің президент болғаны анықталып қалар», – деді ресейлік бақылаушы Елена Афанасьева.
Бақылаушылар сондай-ақ өздерін ешкімнің мәжбүрлемегенін, сайлау учаскелерін еркін аралағандарын айтты. Енді соңғы аялдама қай учаскеге тап келеді, сол жердегі дауыс санағына қатысамыз деп отыр олар.
Сөз соңында өздерінің келіп-кететін қонақ екенін айтқан олар: «бастысы, өмір сүрулеріңізге жайлы президентті таңдаңыздар», – деп аяқтады.