Татарстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслык» орденімен марапаттады. Рустам Минниханов орденді Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оған дейін Мемлекет басшысы Қазан Кремлін аралаған еді. Екі ел Президенті сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар бойынша ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Ресей Федерациясына жұмыс сапарымен барған болатын.
Мәскеуге жұмыс сапарымен барған Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөз жүргізді. Олар екіжақты қатынастардың перспективаларын және аймақтық деңгейдегі ықпалдастықтың өзекті мәселелерін талқылады. Мемлекет басшысы өз сөзінде қаңтардағы оқиғалардың еліміздің конституциялық құрылысына нұқсан келтіріп, мемлекеттік төңкеріс жасау мақсатымен шабуыл жасаған халықаралық лаңкестер мен бұзақылардың мұқият дайындаған операциясы болды деп атап өтті.
«Қазір тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алғашқы нәтижелері де бар. Өкінішке қарай, құрбан болғандардың саны өте көп. Бұл менің де жаныма батады. Қаза болғандардың жақындары мен туыстарына көңіл айттым. Әрбір жағдай жіті тексеріледі. Кінәлілер анықталып, жауапқа тартылады. Елімізге бітімгерлік күштерін жіберу жөніндегі Қазақстанның үндеуіне жылы әрі іскерлікпен қарағаныңыз үшін Сізге тағы да ризашылығымды білдіремін. Бітімгерлік контингент стратегиялық нысандарды күзету тұрғысынан өте маңызды рөл атқарды», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл оқиғаға қатысты Владимир Путин өзінің пікірін білдірді. Ол Қазақстан ел ішіндегі күрделі жағдайды пайдаланған қандай да бір халықаралық бүлікшілердің құрбаны болды деген ойын жеткізді.
«Ресей Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттің бірі ретінде Шарттың 4-бабына сәйкес Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен, Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және Сіздің басшылығыңызбен белсенді дамуда», - деді Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин.
Президенттер екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың табысты дамуын жоғары бағалап, саяси, экономикалық, сауда, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастарды тереңдетуге қос тараптың да мүдделі екенін айтты. Келіссөздерден кейін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін брифинг өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Ресей компаниялары Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді және олардың салған қаржыларының жалпы көлемі 17 миллиард доллардан асады. Елімізде шетелдік капиталдың үлесі бар әрбір үшінші кәсіпорын Ресей компанияларының қатысуымен құрылған. Олардың ортақ инвестициялық портфелі барлық саланы қамтыды.
«Біз өндіріс кооперациясын кеңейтудің перспективаларын егжей-тегжейлі талқыладық. Бұл бағытта елдеріміз қазірдің өзінде 13 ірі жобаны іске асырды. Бүгінде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек инвестициялық құны шамамен 1,5 миллиард доллар болатын тағы 11 жоба әзірленуде. Келіссөз кезінде құрметті Владимир Владимировичке бұл жобалардың бәрі менің жеке бақылауымда екенін айттым. Олардың бәрі жаңа жұмыс орындарын ашуға, елдеріміздің өнеркәсіп және технологиялық әлеуетін нығайтуға бағытталған», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ресей басшысы қос ел арасындағы экономикалық ықпалдастықты арттыруға ниетті екенін мәлімдеді. Келіссөз қорытындысы бойынша білім беру, теміржол, цифрландыру, ғарышты игеру және атом энергетикасы салалары бойынша мамандар даярлауға қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Басқосу барысында Қазақстан мен Ресей президенттері келіссөздерінің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан қаласына барды. Мемлекет басшысының Татарстан Республикасына сапары «Қазан Кремлі» мемлекеттік тарихи-архитектуралық және көркем музей-қорығына барудан басталды. Мешітте Татарстан Республикасы мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Камиль Самигуллин Құран оқыды. Благовещенский соборында Қазақстан Президенті Қазан және Татарстан митрополиті Кириллді биыл елордада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуға шақырды.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан