Қазақстанның жаңа Премьер-Министрі Олжас Бектенов болып тағайындалды
Қазақстанның жаңа Премьер-Министрі Олжас Бектенов болып тағайындалды. Оның кандитатурасын Мемлекет басшысына Amanat партиясы ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаев түстен кейін Мәжілістің жалпы отырысында министрлер кабинетін басқаратын азаматты өзге фракциялардың алдында талқылап, Мәжілістің қарауына енгізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәжілістің алдында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Үкімет тың леппен жұмыс істеу керек екенін айтып, Олжас Бектенов бастаған министрлер алдында тариф саясатындағы кедергілерді жою, агросекторды қайта жандандыру, әлеуметтік саланы басқару мен қаржыландырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу міндеті тұрғанын жеткізді.
– Жаңа қарқынмен жұмыс істеу қажет. Маңызды шешімдерді шұғыл қабылдап, көп созбай, шешуші қадамдарды жасау керек. Үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Үкімет экономиканы халқымыздың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет. Бұл міндеттің маңызы зор және ол стратегиялық сипатқа ие, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзін қорытындылай келе, AMANAT партиясы ұсынған кандидатты Мәжілістегі партиялар фракцияларының жетекшілерімен талқылағаннан кейін ортақ шешімге келгенін айтып, Премьер-Министр лауазымына тағайындауға келісу үшін Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды. Олжас Бектеновтың кандидатурасын Мәжілістегі 69 депутат қолдап дауыс берсе, 7 депутат қалыс қалды. Елнұр Бейсенбаев жаңа Үкімет айналысуы керек 3 бағытты атады.
– Үкіметтің алдында ең негізгі 3 мәселе бар. Біріншден, сыртқа шығарылған заңсыз, қолды болған активтердің барлығын қайтару керек. Екіншіден, мемлекетке салықтық түсімдерді ұлғайту. Үшіншіден, бюджетті үнемді әрі тиімді пайдалану. Проблеманы ақшамен шешу – негізгі міндет болып саналмауы керек, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев.
Ал Қазақстан халық партиясы мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Премьер-Министр болған Олжас Бектеновтың кандидатурасын қолдамай, қалыс қалды. Оның себебін, халық партиясының өкілі Магеррам Магеррамов түсіндірді.
– Қазақстан халық партиясы фракциясының шешімі — Үкіметке көзқарасты өзгертетін, жаңа формаларды ескі мазмұнмен толтырмайтын уақыт жеткенінің белгісі. Премьер-Министрдің нақты әрекетіне күмәніміз сейілмейінше, ұстанымымыз осындай болады. Біз Үкіметтің жаңа басшысына инвестициялық саясатқа деген көзқарасты қайта қарауды ұсынамыз, яғни цифрлық көрсеткіштерден түпкілікті нәтиженің сапасы мен тиімділігіне көшетін уақыт жетті, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Магеррам Магеррамов
Олжас Бектенов еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бас маман болып бастаған. Содан бері мемлекеттік қызметте түрлі лауазымды қызмет атқарды. Олжас Бектенов былтыр сәуір айынан бері Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің басшысы болды. 43 жастағы Олжас Бектенов - тәуелсіз Қазақстан тарихындағы он үшінші Премьер-Министр.
Еске салайық, ертең Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев министрлер алдына нақты тапсырма мен міндет қоятын болады.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана
Оқи отырыңыз: Президент бірқатар министрді тағайындады