Мемлекет басшысы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының еңбегін жоғары бағалады
QazVac вакцинасы дүниежүзінде мойындалып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысына жұмыс сапары барсында Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында болып, ғалымдардың еңбегін жоғары бағалады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Зауыт өндірістік тәжірибе бойынша халықаралық стандарттарға (GMP) сай келетін иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус індетіне қарсы вакцина, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлы дерматитке және басқа да жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар шығаратын болады. Жылына биофармацевтика препараттарының 30-дан 60 миллионға дейінгі дозасын әзірлеу жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 15,6 миллиард теңге.
«Шын мәнінде, бұл – үлкен жетістік. Еліміз үшін қажетті өндіріс. Негізгі жұмыс орындалды. Бәрі дұрыс. Келесі жылы осы жұмысты жалғастырамыз. Вакцина өте тиімді. Гуманитарлық көмек ретінде бұл вакцинаны Ауғанстанға және басқа да мұсылман елдеріне жібереміз. Вакцинамыз дүниежүзінде мойындалып жатыр. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын! Ризашылығымды білдіремін», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Гвардейский кентіндегі Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арнап салынған тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Мұнда отандық және шетелдік ғылыми мамандарға арналған 180 пәтерлік үш тұрғын үй құрылысы аяқталған. Президентке Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Сіздің берген тапсырмаңыз – азық-түлікпен қамтамасыз ету, импортты азайту, бағаның өсуіне негізсіз жол бермеу. Сол қолдаудың нәтижесінде өсім бар. 8 айда 168 млрд теңгенің ауылшаруашылық өнімдері шығарылды. Биыл қуаңшылыққа қарамастан, біз 30 мың гектар артық егіс ектік. Оның ішінде 50 мың гектарға суармалы жерлерді көбейттік», – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.