Кезектен тыс сайлау өткізу – өте маңызды әрі қажетті қадам. Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір маңызды сайлауды өткізу үшін арнайы жарлыққа да қол қойды. Бұл шешімді қоғам қайраткерлері де, саясаттанушылар да жан-жақты талқылап жатыр. Олардың пікірінше, халық сайлаған президент Қазақстанның одан әрі дамуына жол ашып, әлемдегі түрлі дүрбелеңге қарсы тұруына ықпал етпек. Бірінші кезекте бұл саяси науқан Қазақстанға қаржысын құйған инвесторларды шақыру мен сақтап қалуға да жол ашпақ деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел тарихында бұған дейін президент сайлауы бес рет өткен. Көбі кезектен тыс. Ендігі саяси науқан келесі жылдың сәуірінде болуы керек еді. Бірақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан кейін билікті қабылдап алған президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі айдан кейін, яғни 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтетіндігін жариялады. Отандық саясаттанушы Жұмабек Сарабек болса неліктен мұндай шешімнің қабылданғанын өз бетінше түсіндірді.
«Бүгінгі күнге дейін Қазақстанның ішіндегі және сыртқы бақылаушылардың көкейінде бір ғана сұрақ бар еді: әрі қарай саяси науқан қалайша дамиды деген. Өйткені атқарушы президент дауыс берушілердің қолдауынсыз билікке келді. Яғни, елде сайлау болмай, ол тек тағайындалды», - дейді Ж.Сарабек.
Оның пікірінше, президент сайлауы қарапайым қазақстандықтардың бұл лауазымға нағыз лайықтыны таңдауына жол ашады. Демек, елдің әрі қарай қадамы нақтыланып, саяси жолы анықталмақ. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі саяси үндеуінде берік ұстанымым – ел басқарушыны тікелей халық таңдауы және сайлаудың ашық әрі әділ өтуінде деді. Бұл бүгінде Қазақстандағы шетелдік инвесторларды шошытпай, жаңаларын тартуға да жол ашпақ. Ел аумағында бүгінде трансұлттық компаниялар мен ірі бизнес өкілдері бар екендігін қаперден шығармаған жөн деді.
«Қасым-Жомарт Тоқаевтың уәкілеттігі уақытша болғандықтан, сәуір айына дейін әлі бір жыл уақыт бар болғанымен, инвесторларға нақтылық керек. Біз олардың алдындағы міндеттерді орындаймыз ба, жоқ па, оларды сол алаңдатады. Өйткені шетелдік инвесторлар өте ірі қаражатпен келіп отыр Қазақстанға», - дейді Қазақстан стрегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Алуа ЖОЛДЫБАРИНА.
Саясаттың бүге-шүгесін білетіндер халық сайлаған президент ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастық пен тұрақтылықты сақтап, Елбасы ұсынған әлеуметтік бағдарламаларды ойдағыдай сәтті әрі тиімді іске асыратынына сенеді. Сондай-ақ, мамандар екі айдан кейінгі ірі шараға шенеуніктер үлгеріп, халықаралық бақылаушылардың толық қатысатынына күмән келтірмейді.