ЕАЭО елдері саяси текетірестің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп отыр

Фото: Ақорда
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшыларымен кездесті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еуразиялық экономикалық одақ саяси текетірестің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Одаққа мүше мемлекеттер үкіметтерінің басшыларымен кездесуінде айтты. Мемлекет басшысы валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түскенін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысуға келген 5 елдің Үкімет басшылары алдымен Президентпен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл кездесу геосаяси ахуалдың өте қатты ушығып тұрған кезінде өтіп жатқанын атап өтті.

«Біздің экономикалық одағымыз белгілі себептерге байланысты санкциялық қарсылықтардың салдарынан туындайтын саяси текетірестердің күшеюіне және оның елдеріміздің экономикасы мен қаржы жүйесіне кері әсеріне алаңдаушылық білдіреді. Валюта бағамына, төлем жүйесіне, екінші деңгейлі банктерге қатысты тәуекел-қатерлер күшейе түсті. Біз Қазақстанда дағдарысқа қарсы шаралар қабылдап жатырмыз. Бұл тек басы ғана, алда өте күрделі жұмыстар тұр. Бұл жұмыстарды Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы әріптестерімізбен келісе отырып жүргіземіз деп ойлаймын», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы реттеушілерін қатыстыра отырып, экономикалық ведомстволар деңгейіндегі жұмыс тобын ұйымдастыруды ұсынды. Үйлестіру іс-шараларын Еуразиялық экономикалық комиссия өз қолына алуы тиіс. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өте маңызды мәселелердің шешім табуына ықпал етуі тиіс деген сенімін білдірді.

Биыл Еуразиялық экономикалық одаққа Қырғызстан төрағалық етеді. Өткен жылы бұл міндетті Қазақстан ойдағыдай орындап шықты деп баға берді Үкіметаралық кеңеске қатысушылар. Қазақстан Премьер-министрі Одаққа мүше елдердің экономикалары былтыр айтарлықтай белсенді деңгейде қалпына келгенін және пандемияға дейінгі көрсеткіштерге жеткенін атап өтті. Мәселен, ЕАЭО жалпы ішкі өнімі 4,5 пайызды құраған.

Сонымен қатар 2021 жылдың қорытындысы бойынша Одақтың сыртқы саудасы 34 пайыздан асқан. Ал ішкі сауда көлемінің көрсеткіші одан да жоғары, яғни 67 пайызға жетіпті. Үкіметаралық кеңес отырысында Әлихан Смайылов Одақтың жұмысын одан әрі жандандыру бағытында бірнеше ұсыныс айтты.

«Елдеріміздің экспортын дамыту үшін тауарлардың еркін транзиті мәселесін шешу қажет. Транзиттің ұсынылып отырған шарттары көбіне экспорт үшін еңсерілмейтін кедергіге айналады, бұл теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер экономикасына теріс әсер етеді. Комиссия осы және басқа да мәселелерде проактивті позицияны ұстануы қажет. Сырттан бақылаушы болған тиімсіз», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Қазақстан тарапы сыртқы сауданы, бірінші кезекте, ҚХР-мен саудада толыққанды және сапалы кедендік рәсімдеуге бірлескен күш-жігер жұмсау қажет деп санайды. Барлық процестерді және деректер алмасуды шұғыл түрде цифрландыруға басымдық берілмек. Бұл қайта өңдеу секторын дамытуға, шынайы бәсекелестікке, салықтар мен кедендік баждар есебінен бюджетке түсетін түсімдердің артуына серпін береді. Бұл ұсынысты Ресей Үкіметі де қолдап отыр.

«Біз бірыңғай сандық кеңістікті құруды жалғастырамыз. Пайдаланушылар үшін қолайлы және сұранысқа ие осындай цифрлық шешімдер басқа салаларға да келуі тиіс. Цифрландыру негізінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде техникалық реттеудің бірыңғай жүйесін одан әрі жетілдірген жөн. Бұл жүйе жеткілікті түрде жақсы дамыған. Қамту кеңдігі мен енгізу жеделдігі бойынша халықаралық тәжірибеде баламасы жоқ», - деді РФ Премьер-министрі Михаил Мишустин.

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ – 5 мемлекеттің 180 млн-нан астам халқын біріктіріп отырған алып алаң. Оның қатарына енді Өзбекстан қосылуға ниетті. Бүгінгі отырыста одаққа қосылуға бақылаушы ел ретінде қатысып, өздерінің әзірліктері туралы айтты. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара сауда-саттықты кеңейту, экономика салаларындағы бәсекеге қабілеттілікті арттыру, экспортты ұлғайту және оны ынталандыру іс-шараларын қабылдау секілді бірқатар құжатқа қол қойды. Ал Үкіметаралық кеңестің келесі басқосуы осы жылдың маусым айында Беларусь елінің Брест қаласында өтеді. 

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров