Доллар бағамы сәл түсті. Қазақстан қор биржасында бүгін түстен кейінгі жағдай бойынша АҚШ валютасының орташа сараланған бағамы 466 теңге болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал әлемдік мұнай бағасы бүгінгі сауда барысында тағы көтеріліп жатыр. Мысалы, маркасына байланысты мұнай фьючерстерінің құны 2,17 пайыздан 2,36 пайызға дейін өсіп, барреліне 94-97 долларды құрады. Әлемдегі ахуалға байланысты тоқтала кетейік, Ресейге салынған санкциялар Қазақстандағы еншілес банктердің жұмысына да әсер еткен. Әзірге біздегі Сбербанк пен Альфа-банктің операциялық қызметі әдеттегідей істеп тұр.
Дегенмен, шектеуге байланысты аталған қаржы мекемелері жаңа еурооблигациялар шығару мүмкіндігінен айырылып, Батыс нарықтарында акция орналастыра алмайды.
«Кеше 104 млн доллар валюта саттық делінді және теңге депозиттерге кепілдік берілетіні айтылды. Сондықтан менің ойымша экспортшыларға валютаны сатуға міндет салу керек», - деді экономист Меруерт Махмұтова.
Бұл ретте Қазақстанда депозит мөлшерлемесі өскенін де айта кету керек. Күні кеше Ұлттық банк 12 айлық мерзімді депозиттер бойынша базалық мөлшерлемені ұлғайтқан еді. Өзгерістер 24 ақпаннан бастап қолданысқа енді. Өтемақы салымның жалпы сомасының 10 пайыздық мөлшерінде есептеледі және бір адамға әр банкте тек бір рет қана төленеді. Сондай-ақ депозиттің мөлшері 20 млн теңгеден аспауы тиіс.