|
Saıasat
27.05.2020 | 19:24

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қандай мәселелер талқыланды

Әлемде коронавирус індетінің өршіп кетуіне еліміз дайын болу қажет

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында қандай мәселелер талқыланды Akorda.kz

Әлемде коронавирус індетінің өршіп кетуіне еліміз дайын болу қажет. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі жұқпалы ауруларды емдейтін клиникалардың барлығын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек деді. Осы және өзге де өзекті мәселелерді мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жиында Денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер де қаралды. Президент Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Оның ішінде дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыру мен  дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құру мәселесі де бар.

«Жаңа ауруханаларды салу қажет». Алдағы 5 жылда мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелерін медициналық техникалармен 100 пайыз қамтамасыз етуіміз керек. Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды. Биыл «Жұмыспен қамту» жол картасының аясында 24 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Ал 2025 жылға қарай мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 ірі клиника салынбақ. Сонымен қатар, Президент коронавирус індеті елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екендігін де аңғартқандығын мәлімдеді.  

«Бұл ахуал елімізде кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартты. Бұған еңбекақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқығының қорғалмауы себеп болып отыр. Түрлі сала мамандары ішінде ең төменгі жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап, дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Олардың айлығы экономикадағы орташа жалақыдан 2,5 есе артық болуы керек. Бұл көрсеткішке 2023 жылға қарай қол жеткізу қажет»,  – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Президент пандемия кезінде елімізді дәрі-дәрмекпен және медициналық өнімдермен қамтамасыз ету барысында біршама олқылықтардың  орын алғанын да  атап өтті. Осы орайда денсаулық сақтау министрлігіне фармацевтика, медицина өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру міндетін жүктеді.

«Біз – импортқа тым тәуелдіміз. Шетелден келетін дәрілердің нарықтағы үлесі 88 пайызға жуық. Фармокологиялық зерттеулер жүргізу үшін тәжірибеміз жеткілікті. Ғылыми база мен білікті мамандар да бар. Сондықтан үкімет дәрі-дәрмек өндірісінің бір тұтас жүйесін құруы қажет. Мұнда зерттеу жүргізуден бастап, өнеркәсіптік деңгейге дейінгі үдерістер қамтылуы тиіс», – деді Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Ұлттық сенім кеңесінің отырысында еліміздің Білім және ғылым министрі алдағы оқу жылында жаңартылған оқу бағдарламасына көшу толығымен аяқталатынын жеткізді. Қала мен ауыл арасындағы білімнің алшақтығы туралы да сөз қозғалды.

«Алдағы оқу жылы жаңартылған бағдарламаға көшу толық аяқталады. Енді тек білім сапасын реттеумен айналысатын боламыз. Біріншіден, бағдарламалар мен оқулықтардың сапасын арттыру. Содан кейін, бағалау жұмысын жетілдіру  – қоғамды көптен бері көтеріліп жүрген мәселелер.  Тағы бір мәселе ауыл мен қала арасындағы алшақтық. Біз үлкен алшақтық мәселесін шешу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Отырыста Президент енді мемлекет биологиялық қауіпсіздікке баса мән беретінін айтты. Осы мақсатта жаңа комитет құрылып, еліміздің биологиялық қауіпсіздігі туралы заң дайындалатынын жеткізді.

Сая Меңдеке, Нұрбол Сазабеков, «Алматы» телеарнасы

‡агрузка...