Бейбіт шеру мен митингілерді ұйымдастырушылар жергілікті биліктен рұқсат сұрамауы қажет. Тек, хабардар етуі керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Евгений Жовтис ұсынған «бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демонстрациялар ұйымдастыру, өткізу туралы» заң жобасын талқылау барысында қоғамдық кеңес мүшелері осылай деді. Жиналғандар билік қарсы болғанның өзінде де, ондай шаралар рұқсатсыз өтетіндігін ескере отырып, шеруді ұйымдастырушылармен заң аясында келісімге келу керектігін алға тартты. Одан бөлек, бейбіт митингілерге рұқсат етілетін жерлер заң қабылданған соң ғана белгілі болмақ.
«Ол ескерткен кезде әкімдік келісім беру керек. Мына жерде болады, мына жерде болмайды дегендей. Ол рұқсат бермейді деген сөз емес, әкімдік хабардар болуы керек деген сөз. Ертең полицияға көшені жабайын деп жатыр деп айтады. Машина жүре ме, жүрмейі ме, алдын ала барлығы біліп отыруы шарт. Бастысы шеруге шыққандар қоғамның тыныштығын бұзып, қозғалысты шектемеуі керек», – деді Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман АЛШАНОВ.
«Бұл заңды қабылдар алдында маңызды деген 4 факторға назар аудару керек. Біріншісі – хабардар ету немесе рұқсат сұраудың тетіктерін нақтылау. Кейінгісі өтетін шараның формасы. Яғни, шеру, митинг пен пикеттердің ақ-қарасын анықтау керек. Үшінші кезекте митинг немесе шеру кезінде тәртіп сақшыларының міндеті қандай және ұйымдастырушылар олармен қандай диалог жүргізу керек? Соңғысы – жауапкершілік», – деді Құқық қорғаушылар кеңесінің мүшесі Евгений ЖОВТИС.
Аталған заң жобасын қоғамдық кеңес бүгін алғаш рет талқылады. Енді жұмыс тобы екі аптаның ішінде отырыста айтылған ескертулерді қайта қарап, одан әрі Ұлттық кеңеске жолдамақ.