|
13.09.2019 | 19:47
1693

Санкт-Петербург университетінің Алматы бөлімшесі лицензиясынан айырылуы мүмкін

35 жылда оқу орны 8 мыңнан астам түлек шығарған

Санкт-Петербург университетінің Алматы бөлімшесі лицензиясынан айырылуы мүмкін

Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университетінің Алматылық филиалы лицензиясынан айырылуы мүмкін. Тамыз соңында оқу ордасында білім министрлігінің өкілдері тексеріс жүргізіп, рұқсатнамаларын жарамсыз деп тауыпты. Ал университет әкімшілігі бұл шешіммен келіспей отыр, деп хабарлайды

Ресейлік жоғары оқу орны филиалының басшысы Татьяна Баталова өткен аптада білім  саласындағы бақылау комитеті тексеріспен бас сұққанын айтуда. Бақылау жұмыстары кәсіпкерлер палатасының жазған хаты негізінде жүргізілген. «Атамекеннің» айтуынша, шетелдік оқу орындары жалпы республикалдық рейтингке қатыспағандықтан оларды тексеру керек деп тапқан. Комиссия мүшелері құжаттарды  сүзгіден  өткізіп, олардың лицензиясын жарамсыз депті.

«Біздегі лицензия 2005 жылы берілген. Оны тексерісті ұйымдастырған комитеттің өзі берген болатын. Ресей мен Қазақстанның білім министрліктері 2010 жылы ұйымдастырған тексеріс нәтижесінде де ешкім жұмысымызды заңсыз деп таппаған болатын», – дейді Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті  Алматы қалалық филиалының директоры Татьяна БАТАЛОВА.

Оқу ордасы басшысының айтуынша берілген рұқсатнама мерзімсіз және оны жаңартудың қажеті жоқ. Тексерістің өзі заңбұзушылықпен өтіпті-мыс. Ревизорлар алдымен оқұу процесін тексеру керек болған. Алайда ол кезде жаңа оқу жылы әлі басталмаған еді дейді директор. Оның үстіне комиссия бір жарым күннің ішінде барлығын көз елегінен өткізіп тастаған.

«Бірде-бір пән, бағдарлама тексерілместен шешім шығарылды. Менің қолымда Челябинск мемлекеттік университетінің Қостанайлық филиалының бақылау актісі бар. Құжаттар бір-бірінен аумайды»,  – дейді Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті  Алматы қалалық филиалының директоры Татьяна БАТАЛОВА.

Еліміздің білім және ғылым министрлігі тергеу амалдарының жүріп жатқанын айтып, қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Жоғары оқу орнының директоры Баталованың айтуынша, тексеріс былай тұрсын, сот процесі туралы ешкім ескертпеген. Қорғаушының өтініші бойынша сот отырысы кейінге қалдырылыпты.

«Нақты ескерту жоқ. Екіншіден, ҚР әкімшілік заңбұзушылық кодексінің 744-бабы бойынша, біз қозғалып жатқан іспен танысуымызға толық құқығымыз бар. Және ескертпегеннің салдарынан сот отырысын кейінге қалдыруды талап ете аламыз», – деді Санкт-Петербург гуманитарлық кәсіподақтар университеті Алматы қалалық филиалының  корпоративті заңгері Александр ОСТРОВЕРХОВ.

Ресейлік оқу орнының Алматы қалалық филиалы елімізде 35 жылдан бері қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында университет 8 мыңнан аса маман даярлапты. Қазір мұнда 1200-ге жуық студент білім алуда.


Азамат Әуезхан, Ромина Макаримова, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир