Биыл 830-дан астам елдімекеннің әкімі жаңа жүйемен сайланады

Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Казанғапов
Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Казанғапов
Ауыл әкімдерін сайлау осы жылдың тамыз айында басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Аудандық маңыздағы қалалар, кенттер мен ауыл әкімдерін сайлау елдің басқару жүйесіне деген халықтың сенімін нығайтады. Сарапшылар пікірі осындай. Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын. Бұл өзгертулер әкім лауазымына жергілікті мәселелерді жақсы білетін білікті мамандардың билікке келуіне сеп болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ауыл әкімдерін сайлау осы жылдың тамыз айында басталады. 830-дан астам елдімекеннің әкімі жаңа жүйемен таққа отырады. Сайлауға мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сай келетін 25 жастан асқан азамат қатыса алады. Әкімдердің төте сайлануы жергілікті мемлекеттік басқару органдарының халықтың мәселесіне назар аударуына, саяси белсенділіктің артуына ықпал етеді дейді сарапшылар.

«Сайлау бұрынғы әкімнің қызметтік өтілі аяқталғанға дейін 40 күн қалған кезде жарияланады. Кандидаттарды саяси партиялар немесе үміткердің өзі-өзін ұсына алады. Жаңа әкім 4 жылға сайланады. Өзін ұсынған азаматтар сайлауға құқығы бар тұрғындардың 1 пайыз дауысын жинаса жеткілікті. Үміткердің егер кем дегенде 2 жыл мемлекеттік қызмет өтілі болуы керек. Егер ондай тәжірибесі болмаса, жеке компанияның квазимемлекеттік компанияда 2 жыл еңбек өтілі болуы тиіс», – деді Экономикалық зерттеулер институты аймақтық зерттеулер орталығының директоры Қайсар Нығметов.

Дегенмен мамандар жергілікті халық арасында абыройы бар азаматтарға деген сенім жоғары болатынын айтады. Өйткені олар өңірдің тыныс-тіршілігін, толғақты мәселелерін жақсы біледі. Ал егер сайланған әкімнің жұмысы елдің көңілінен шықпай жатса, онда оның өкілеттілігін сол тұрғындардың өздері уақытынан бұрын тоқтата алады. Бұл мәселені шешуде ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқару функциясымен Кеңес құрылады. Бұл Кеңес бөлінген қаражаттың қаншалықты тиімді әрі мақсатты жұмсалып жатқанын саралап отырады. Сондай-ақ, әкімнен атқарған жұмысына қатысты есеп алу құқығы бар.

«Жалпы Қазақстандағы 85 пайыз халық өзі сайлайтын дәрежеге жетеміз. Бұл Орта Азияда тұңғыш рет осындай қадамға барып жатырмыз. Ол не үшін жасалып жатыр? Тек қана ауылдың тұрғындары өзінің әкімін сайласын деген ғана мәселе емес. Ауылдың тұрғындары өзіне деген жауапкершілікті өзінің мойнына алып, өзінің билігін жасақтап, сол сенім тудыратын осындай азаматтардың арқасында ауылды көтеру», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым.

Ауыл әкімі 4 жылға сайланады. Алайда бір адам екі рет қана сол елдімекенді басқару үшін сайлауға түсе алады. Саясаттанушылар бұл шара Қазақстанның саяси сахнасындағы жаңа өзгеріс пен тиімді шешім болатынын айтады. Бастысы ендігі міндет сайлаудың әділ өтуін қамтамасыз етсе, халықтың атқарушы органға деген сенімі нығая түседі деген пікілерін білдіруде.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров