|
23.06.2021 | 20:30
2011

Ел тарихындағы айтулы белес: Биыл 800-ге жуық ауыл әкімі тікелей дауыс беру арқылы сайланады

Ауыл әкімдерін сайлау ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отыр

Ауыл әкімдерін сайлау ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі кеңесте айтты. Президент алдағы науқан еліміздің тарихындағы айтулы белес деп атап өтті. Қазақстан халқының 40 пайыздан астамы ауылда тұратынындықтан, елдегі саяси реформаларға тың серпін беріледі деп күтілуде. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуы тиіс екеніне баса мән берді, деп хабарлайды  Almaty.tv

 Биыл 800-ге жуық елдімекен әкімі алғаш тікелей дауыс беру арқылы сайланатынын айта кетейік.

«Мемлекет жаңашыл бастама көтеріп қандай да бір ауқымды жобаны қолға алады. Бірақ бүкіл нәтиже жұмыстың жергілікті жерде орындалуына байланысты болады. Ауыл әкімдерін сайлау «халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам. Өйткені олар елмен етене жұмыс істейді. Ауыл басшысының әрбір ісі, әрбір сөзі тұрғындардың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді. Жасалып жатқан өзгерістерге деген халықтың сеніміне оң ықпал етеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу жұмыстарын күшейтуге шақырды. Президенттің айтуынша, былтыр әртүрлі деңгейдегі 7 әкім мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ 14 облыстық басқарма басшысы мен олардың орынбасарлары қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұдан бөлек кеңес отырысында Президент еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екеніне де назар аударды.

«Әкімдер азаматтарға екпе салу науқанынан шеттеп қалған сияқты. Әлеуметтік нысандардың, бизнес кәсіпорындардың және жалпы елдің экономикасы вакциналаудың сәтті жүргізілуіне тікелей байланысты екенін түсіну керек. Қазір жаппай вакциналау науқаны әкімдер жұмысының ең маңызды міндеттерінің қатарында болуы қажет. Сіздер барынша белсенділік танытып, азаматтарды вакциналау науқанына өздеріңіз жетекшілік етуіңіз керек», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир