ADAL партиясының мүшелері аяқталмай қалған жобаларын Amanat құрамына кірген соң жүзеге асыруға ниетті
ADAL партиясы AMANAT партиясының құрамына кірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съезде екі саяси партияның бірігуі басталған өзгерістердің айқын көрсеткіші болып табылатынын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елдегі саяси бәсекелестік артқан жағдайда мұндай бірігу өте маңызды деді мемлекет басшысы. Ал ADAL партиясының мүшелері аяқталмай қалған жобаларын Amanat құрамына кірген соң жүзеге асыруға ниетті.
«Келесі сайлау қашан болады. ADAL ол кезде өте ме, өтпей ме? Былай қарасаң бүкіл заң жобасы қабылданып жатқан жұмыс тобында бармыз. Қызыл кеңірдек болып, ұсынысыңды айтасың. Бірақ бізде айналып келгенде дауыс беру құқығы жоқ. Өңірлерді аралап, әкім жұмыс істемей ме, сөгіс беріп, әкімді жұмыстан шығаруға қою керек», – деді журналист Мақсат Толықбай.
«Жетекші, мықты партиялардың тарихын алып қарасаңыздар, әрбір кезеңде екі немесе үш партияның бірігуі арқылы іріленіп, өзінің саясат алаңындағы ықпалын күшейткен. Мен бірігу ADAL партиясына да, AMANAT партиясына да оң нәтижесін береді деп ойлаймын», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай.