Жазбаша жұмысқа үміткер «Менің елім» деген тақырыпты таңдаған
Президенттік сайлауға «Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясы» қоғамдық бірлестігінен ұсынылған үміткер Амангелді Таспихов мемлекеттік тіл сынағынан өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әдеттегідей үш кезеңнен тұрған емтихан нәтижесін лингвистикалық комиссия мүшесі Әділ Ахметов жариялады.
«Жазбаша жұмысқа үміткер «Менің елім» деген тақырыпты таңдады. Бұлардың барлығы конвертке салынып, алдын ала бекітілген тақырыптар. Екінші тапсырма бойынша үміткер жазушы Қадыр Мырза Әлидің кітабынан біраз мәтінді таңдады. Үшінші тапсырма, еркін сөз сөйлеу бойынша тағы да өзі «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деген тақырыпты таңдады. Бірінші тақырып бойынша жазған мазмұндамасы өте сауатты», – дейді лингвистикалық комиссияның мүшесі Әділ АХМЕТОВ.
Кезектен тыс президенттік сайлауға үміткер емтиханға берілген өз уақытын толыққанды пайдаланған. Оның жұмыстарына жан-жақты талдау жүргізген лингвистикалық комиссия бірауыздан Амангелді Таспиховты мемлекеттік тілді еркін меңгерген деген шешімге келді.