Елімізде Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл

25.04.2020 в 01:38

Осыған орай «Президенттік басқару нысаны конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті

Первая инаугурация Нурсултана Назарбаева, 10 декабря 1991 г.

Бүгін елімізде Президенттік институттың құрылғанына 30 жыл. Осыған орай «Президенттік басқару нысаны конституциялық негіз және саяси тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Виртуалды пікір алмасу алаңында отандық және шетелдік сарапшылар  еліміздегі Президенттік басқарудың маңызы, бүгінге дейін жеткізілген саяси шешімдер мен ел ішіндегі тұрақтылықты сақтаудың рөліне тоқталды.

Тарихқа көз жүгіртсек, дәл осы күні алғаш рет «Республика Президенті» деген лауазым енгізілді. Мұндай шешімге қарсы келгендер де болды. Олар президенттік институт республиканы кеңестік орталықтан алыстатып, Қазақстанның толық дербес ел болуына негіз болады деген еді. Бұл Кеңестік идеядағы сұрқия саясаттан шыққан пікір еді. Алайда басқа депутаттар әртүрлі саяси және құқықтық дәлелдер келтіре отырып, елге Президент лауазымын енгізу қажеттігін толық құптады. Сөйтіп, жалпыхалықтық дауыс беру арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел президенті болып сайланғаны белгілі. Бұл өз кезегінде, халықтың экономикалық және саяси реформаларын жедел іске асыруға, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға деген халық үмітін білдірді. Содан бері 30 жыл өтті. Отыз жылда ел басынан бірнеше саяси кезеңдер өтті. Сондай сындарлы сәттердегі тұңғыш Президенттің рөлі туралы бүгін халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияда кеңінен талқыланды.

«1990 жылы Қазақстан елі өте бір ауыр кезеңде болды. Аласапыран заман еді. Сол кезде біздің ел қате шешім қабылдай ма, әлде дұрыс жолға түсе ме деген ауыр сұрақ болғанын біз жақсы білеміз. Сол кездегі ҚР Парламентінің шешімімен осыдан 30 жыл бұрын 24 сәуірде тамаша шешім қабылданды. Ол шешім Қазақстан Республикасында Президенттік билік енгізу болатын», – деді  Мемлекет тарихы институтының директоры  Бүркітбай АЯҒАН.

Үш тілде өткізілген онлайн-жиында президенттік институт аясында ел болып қалыптасуда қабылданған маңызды шешімдер аталды.

«Ел тәуелсіздігінің тарихында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еңбегі зор. Өйткені ол Қазақстанның мемлекетінің негізін салушы, нарықтық экономикаға ауысу, демократиялық қоғамды құру және ұлттық өзін-өзі саналы түрде түсінуді қалыптастыруды еліміздің негізгі мақсат-міндеттеріне айналдырды. Тәуелсіздік жылдары Елбасының бастамасымен маңызды шешімдер қабылданды. Конституция қабылданды, Ұлттық валюта енгізілді, Қарулы күштер, Ұлттық қор жасалды», – деді  ҚР Тұңғыш президенті  – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат ЖҰМАБАЕВ.

Қатысушылар қазір барлық елдердегі институттар үшін коронавирус пандемиясы үлкен сынақ болып отыр деді. Ол үшін мықты ұлттық институттар керектігі айтылды. Конференция барысында шетелдік сарапшылар мұндай пандемияны халықаралық ынтымақтастық арқылы жеңуге болатынын атап өтті.

«Жалпы біздің әлеміміз осы пандемия жағдайын басынан кешіріп жатыр. Оның салдары біздің өміріміздің әрбір қырына әсер етіп жатыр. Қазіргі кезеңде мұнайдың бағасы төмендеп жатқаны да белгілі. Осындай дағдарыс жағдайында бізге халықаралық ынтымақтастық аса қажет. Эпидемиямен күресу үшін тиісті деңгейде қаржыландыратын және мықты жұмыс істейтін жүйе қажет. Франция мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық өте маңызды. Аталған мәселелердің барлығын жүзеге асыру үшін бізге берік, тұрақты ұлттық инститтуттар керек. Мәселен, Франция мен Қазақстанның президенттік институттары ұқсас», – деді  Францияның қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Филипп МАРТИНЭ.

Осы сынды саяси, экономикалық тақырыпты көтерген онлайн-конференцияда 30-ға жуық спикерлер қатысты. Олар тарихи тақырыптан өзге, бүгінгі жаһандық проблемаларды қаузады. Бар қиындықты жеңу үшін алдағы атқарылар міндеттер айтылып, мықты басқару жүйесінің маңыздылығын тағы да атап өтті.

Назкен Еркін, «Алматы» арнасы

Теги: Казахстан