Республика бойынша Алматы қаласы шағын және орта бизнес субъектілері өкілдерінің саны жағынан көш бастап тұр
7 қыркүйектен бастап еліміз бойынша праймеризге қатысушы кандидаттар үгіт-насихат жұмысын бастады. Алматыда насихат жұмысының алғашқы күнінде жүзден астам іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жалпы праймериз елімізде бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы партияішілік іріктеу екендігін айта кеткен жөн. Алматы қаласы бойынша праймеризге қатысқандар саны – 230. Оның 185-і мәслихатқа, ал 45-і мәжіліске үміткер. «Nur Otan» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың айтуынша, қатысушылардың орташа жасы 42. Олардың 35 пайызы әйелдер болса, 72 үміткер – 35-ке дейінгі жастар. Республика бойынша Алматы қаласы шағын және орта бизнес субъектілері өкілдерінің саны жағынан көш бастап тұр. Үміткерлердің 122-сі кәсіпкерлер. Еске салайық, үгіт-насихат жұмыстар бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен онлайн форматта санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
«Іс-шаралар «Nur Otan» партиясы филиалдарының ресми аккаунттарында тікелей эфир арқылы өткізіледі. Бұдан бөлек, 14-30 қыркүйек аралығында Алматының әр ауданында праймериз қатысушылары пікірсайысқа қатысады. Ол үшін ашық түрде жеребе тастау және қатысушыларды бөлу жүргізіледі. Жұмыстар 3 қазанға дейін жалғасады. Нәтижелер осы жылдың 5 қазанында белгілі болады», – деді «Nur Otan» партиясы алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров.