Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына кіретін мемлекеттердің мүддесін қорғауға бағытталған Қазақстанның бастамасын құптады. Ол жөнінде бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы Антониу Гутерришпен видео конференция арқылы өткізген кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Келіссөз барысында Қазақстанның аталған Ұйымымен арадағы ынтымақтастығының басым бағыттары талқыланды. Пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, сондай-ақ, өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға ерекше назар аударылды. Тараптар Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін де жан-жақты қарастырды.
«Қазақстан Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын. Сондай-ақ, сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысамыз. Ал, коронавирусқа қарсы күрес жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы айтар болсақ, QazVac отандық вакцинасы әзірленді. Осы жылдың соңына дейін халықтың 55 пайызына екпе салу жоспарланып отыр», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.