Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Президент өз сөзінде Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстелінің қатысушыларына ілтипат білдіріп, жиынды ұйымдастырғаны үшін Әмірліктердің Сауда-өнеркәсіп палаталары федерациясына алғыс айтты. Сондай-ақ Әмірліктермен арадағы қарқынды ынтымақтастыққа жоғары баға берді.
"Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы серіктестік екі негізден тұрады: бірі, орасан зор экономикалық әлеует пен іскерлік мүдделер, екіншісі, өзара құрмет пен ортақ құндылықтар. Елдеріміз арасында орнаған қатынастар 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келеді. БАӘ – біздің негізгі аймақтық сауда-экономикалық серіктесіміз. Бұл кездейсоқ емес. БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан БАӘ-ге миллиард доллардан астам инвестиция салды. 2022 жылдың аяғында елдеріміз арасындағы тауар айналымы шамамен 600 миллион долларға жетті. Бұл үлкен жетістік. Дегенмен әлі де арттыра түсуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі кездесу барысында тауар айналымын 1 миллиард долларға дейін жеткізу үшін күш салуға шешім қабылданғанын мәлімдеді.
"Әрине, бұл мақсатқа жету негізінен осы залда отырған адамдарға байланысты. Сонымен қатар маусым айында Астанада өтетін халықаралық форум компанияларымыз арасындағы іскерлік және коммерциялық қатынастарды жолға қоюға мүмкіндік береді", – деп Мемлекет басшысы араб инвесторларын елімізге шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік ынтымақтастықты одан әрі нығайта алатын негізгі бағыттарды атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Мемлекет басшысы Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырды.
"Біз аса маңызды материалдар мен сирек кездесетін металдардың барланған қоры бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына кіреміз. Біз уран, титан, хром және басқа да материалдардың ірі өндірушісі саналамыз. Көптеген кен орны әлі зерттелмеген. Елеулі технологиялық дамуды ескерсек, маңызды материалдардың мәні арта түседі. Бізге осы саладағы әлеуетімізді толық іске асыру үшін инвестиция мен тәжірибе қажет. Тартымдылығымызды арттыру үшін күрделі газ және мұнай кен орындарын игеру жөнінде жетілдірілген келісімшарт үлгісін қабылдадық. Ол жоғары деңгейдегі құқықтық тұрғыда қорғауды және салықтық жеңілдіктерді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ инвесторларды қолдау үшін Ұлттық геологиялық қызмет пен тиісті цифрлық платформа құрдық. 2023 жылдан бастап тау-кен металлургия секторындағы жаңа стратегиялық жобалар пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықты төлеуден бес жылға дейін босатылады", – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен БАӘ-нің көміртегі бейтараптығына қатысты ұстанымдары ортақ екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі БҰҰ 28-конференциясын (COP28) БАӘ-нің табысты өткізуіне тілектестік білдірді.
"Біздің еліміз ТМД аймағында бірінші болып Париж келісімін ратификациялады және Көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде ұлттық стратегия әзірледі. 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізуді және энергетика секторын толығымен жаңғыртуды жоспарлап отырмыз. Осы орайда біз Masdar компаниясының Қазақстанда ірі жел электр паркін салу ниетін құптаймыз. Жинақтау қуаты бар жаңартылатын энергия жобаларына басымдық беріледі. Бұл бастамасы ғана деп үміттенеміз. Әмірліктерге қарасты компаниялардың «жасыл» сутегі саласындағы елеулі нәтижелерін ескере отырып, сіздерді Қазақстанда осындай мүмкіндіктерді қарастыруға шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент геосаяси шиеленістерден туындаған жеткізу тізбегіндегі келеңсіздіктер логистикалық және көлік желілері мен жобаларының маңызын арттырды деп санайды. Оның пікірінше, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты, Орталық Азия мен Қытайды қоса алғанда, миллиардтан астам тұтынушысы бар нарықтарға тікелей шығатын қақпа саналады.
"Орталық Азия – болашағы зор әрі қарқынды дамып келе жатқан үлкен аймақ. Біз Орталық Азиядағы сауда-саттық пен байланыстарымызды нығайту үшін бірқатар трансшекаралық сауда-логистикалық орталық салуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, Қазақстан – сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет. Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қатынастардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақтастығымызды толық қолдаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Президент Астанадағы «Абу-Даби Плаза» құрылысының толық аяқталғанын күтетінін айтты. Орталық Азиядағы ең биік саналатын бұл ғимарат елордамыздың ғана емес, Қазақстан мен БАӘ серіктестігінің символына айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміз Орталық Азия аймағында технологиялық хабқа айналуға ұмтылады.
"Біздің дамуымыздың жаңа бағыты экономика мен мемлекеттік қызметтерді ауқымды түрде цифрландыруға негізделген. БҰҰ-ның бағалауына сәйкес Қазақстан электронды үкіметті дамыту жөнінен әлемде 28-орында, ал онлайн қызмет көрсетуден 8-орында тұр. Қысқамерзімді болашақта цифрландыру ісі 150 мың жұмыс орнын ашып, экономикалық дамуымыздың негізі болмақ. Біз Әмірліктердің осы саладағы жетекші компанияларының тәжірибесін пайдаланғымыз келеді. G42 жасанды интеллектісін, деректерді басқару жүйесін, денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жөніндегі ынтымақтастығымыз бізді алда не күтіп тұрғанының жарқын мысалы бола алады", – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әлемдік деңгейдегі қуатты қаржы секторын құруда Қазақстан белсенді жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
"Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында 64 елден 1700 компания тіркелген. АХҚО-да жалпы халықаралық құқыққа негізделген заң жүйесі, тәуелсіз сот және арбитраж орталығы, салық жеңілдіктері және арнайы еңбек режимі жұмыс істейді. Бүгінде АХҚО Дубай халықаралық қаржы орталығымен және Абу Даби жаһандық нарығымен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Біз, әсіресе, қаржы технологиясы, «жасыл» қаржыландыру, исламдық қаржыландыру салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент екі ел арасындағы экономикалық серіктестік барлық салада әртараптанып, кеңейе беретініне сенім білдірді.
"Үкімет сіздерге Қазақстанда бизнеспен айналысу үшін қажетті кез келген қолдау көрсетуге дайын. Қауіпсіз және тұрақты инвестициялық орта қалыптасатынына сенім артуларыңызға болады. Бүгінгі кездесу екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа тың серпін береді деп сенемін. Біздің ортақ болашағымыз – жарқын. Оны шындыққа айналдыру – ортақ міндетіміз", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар жиын барысында БАӘ Энергетика және инфрақұрылым министрі Сухейль Әл-Мазруи, БАӘ Сауда-өнеркәсіп палатасы федерациясының төрағасы Абдулла Әл-Мазруи, Ресей және ТМД бойынша Mubadala инвестициялық бағдарламасы жетекшісінің орынбасары Абдулла әл-Марзуки, Abu Dhabi Ports Group компаниясының басқарушы директоры және бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Шамиси, G42 тобының бас операциялық директоры Мансур әл-Мансури, Masdar компаниясының бас атқарушы директоры Мұхаммед әл-Рамахи, Ayana Holding компаниясының төрағасы Абдулла бен Лахедж, Metito компаниясының басқарушы директоры Рами Гандур, Al Badie Group компаниясының вице-президенті және бас атқарушы директоры Халед әд-Бади, Royal Strategic Partners компаниясының бас атқарушы директоры Хамад әл-Әли сөз сөйледі.