Асқар Мамин Сан-Францискода қаржыландыру және энергетика саласындағы әлемдік компаниялар басшылығымен кездесті

Асқар Мамин Сан-Францискода қаржыландыру және энергетика саласындағы әлемдік компаниялар басшылығымен кездесті
Бұл - 2020 жылы Қазақстанда төртінші өнеркәсіптік революция бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум Үлестес орталығын құруға жасалған алғашқы қадам
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Премьер-Министрі Асқар Мамин АҚШ-қа жұмыс сапары аясында Сан-Франциско қаласына барып, онда цифрлық даму, венчурлық қаржыландыру және энергетика саласындағы жетекші әлемдік компаниялардың басшылығымен кездесулер өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Кездесу қорытындысы бойынша  «Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы» мен «Астана» Халықаралық қаржы орталығының арасында Заттар интернетін дамытуда стратегиялық әріптестік туралы бірқатар құжаттарға қол қойылды. Бұл 2020 жылы Қазақстанда төртінші өнеркәсіптік революция бойынша Дүниежүзілік экономикалық форум Үлестес орталығын құруға жасалған алғашқы қадам. Мұндай мекемелер жаңа технологиялар мен инновациялық жобалардың дамуын жүйелі мемлекеттік қолдауды қамтамасыз етуге ықпалын тигізе отырып, Израиль, Үндістан,  Қытай, Біріккен Араб әмірліктері, Колумбия, АҚШ пен Жапонияда жұмыс істейді.

«Біз бүгін үш құжатқа қол қойдық. Олардың екеуі 500 Startups жаһандық қорына қосылуға қатысты. 500 Startups - бұл АҚШ-та танымал венчурлік қор. Біз үшін бұл ең алдымен әріптестіктің басы ғана. Осы серіктестік аясында біз қазақстандық стартаптарға инвестиция тартамыз. Екінші жағынан, 500 Startups Қазақстандағы инновацияның экожүйесін дамытуға дайын екендігін және мүдделілігін білдірді. Біз қол қойған үшінші келісім Қазақстан мен Орталық Азияға инвестициялайтын тақырыптық қор құруға қатысты», - деді QAZTECH VENTURES ҰБХ басқармасының төрағасы Жандос ШАЙМАРДАНОВ.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Асқар Мамин 500 Startups венчурлық қорының басшысы Цаймен келіссөз өткізді. Оның қорытындысы бойынша QazTechVentures компаниясы қазақстандық ұлттық даму институтын 500 Startups V Жаһандық қорына қосу туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат болашақта Қазақстанда Тақырыптық венчурлық қор құруды қарастырады.

«Біз IT-мен айналысатын және технологияларға назар аударатын компанияларға инвестиция құямыз. Яғни, мұндай компаниялар инновациялық зертханаларды, компьютерлерді, бағдарламалық қамтамасыз етуді, тұтынушыларға арналған қосымшаларды, бір сөзбен айтқанда, біз инвестициялардың кең ауқымын жүзеге асырамыз. Әлемдегі барлық жерде керемет талантты адамдар бар және Қазақстанның кәсіпкерлік экожүйесін дамытуға қолдау көрсетіп, көмектескіміз келетін себебі де сол, елдеріңізде дарынды адамдар жетерлік. Соларға өз стартап компанияларын бастауға мүмкіндік береміз», - деді 500 STARTUPS  компаниясының бас серіктесі Тим ЧАЕ.

Новости партнеров