ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумында Луганск пен Донецкке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Турасын айтайын, бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар. Қоғамымыз ашық, азаматтық қоғамның толысқаны анық байқалады. Сондықтан, түрлі пікірлер айтылады. Дегенмен, келесін атап өткім келеді: қазіргі заманғы құқық – бұл БҰҰ Жарғысы. Бірақ, БҰҰ-ның екі ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы келеді – бұл мемлекеттің тұтастығы және ұлттың өз таңдауын жасауға құқығы. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірме бар», - деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы БҰҰ-ның негізін қалаушылар осы мәселені кезінде ескермеуі, не болмаса ымыра ретінде әдейі енгізуі мүмкін екендігін атап өтті.
«Екі ұстаным бір-біріне қарама қайшы келеді. Егер солай болса, бұл ұстанымдар бір-біріне қарама-қайшы, түрлі түсіндірмесі бар. Біреулер, «мемлекеттің аумақтық тұтастығы – киелі» дейді. Өзгелері, белгілі бір мемлекеттің құрамындағы кез келген халық өзінің мемлекеті болуға құқылы және өз мемлекетін құра алады әрі қалауымен одан бөлектене алады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
ҚР Президентінің айтуынша, ұлттарға таңдау құқығы берілсе, жер шарында 193 мемлекеттің орнына 500-600 мемлекет құрылар еді.
«Бұл бейберекеттік тудырады. Дәл осы себепті біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Демек, бұл принцип біздің көзқарасымызша квазимемлекеттік бірлестік саналатын Луганск пен Донецкке де қолданылатын болады», - деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бірқатар ресейлік саясаткерлер мен танымал тұлғалардың халықаралық алаңдарда алауыздыққа итермелейтін Қазақстан туралы айтып жүрген қисынсыз әңгімелерін сынға алды.
«Мен осы мінберді пайдаланып, бірқатар ресейлік депутаттың, журналистің, тіпті мәдениет қайраткерінің Қазақстанға қатысты айтқан қисынсыз сөздеріне наразылығымды білдіргім келеді. Барлық алауыздық екі ел халқының арасына және Ресей Федерациясының өзіне зиянын тигізеді», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.