Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды
Партиялар атынан сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысатындар бекітілді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәжіліс депутаттығына үміткерлердің партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар телевизиядағы Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастыратын сайлау алдындағы пікірсайыстарға қатысуға құқылы. Белгілі болғандай, телеарнадағы пікірталасқа регламент бойынша 80 минут берілген.
«Сайлау алдындағы пікірсайыстарды өткізу қағидалары мен шарттарының 4-тармағына сәйкес, Ортсайлауком пікірсайыстарды өткізу туралы шешім қабылданған кезден бастап күнтізбелік бес күн ішінде телеарнаны айқындайды және оларды партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың пікірсайыстарын өткізу күні, уақыты мен орны туралы жазбаша хабардар етеді», – деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Щегорцова.
Мәслихат депутаттығына кандидаттар арасында да пікірсайыстар өткізіледі. Сайлау туралы заңнамада Орталық сайлау комиссиясымен де, сондай-ақ мәслихаттағы сайлауды ұйымдастыру кезінде тиісті комиссиялармен де дебаттар ұйымдастыру жайында айтылған.