Астанада Сирия мәселесі талқыланды

Ботагоз Жокенкызы
Almaty.tv
Almaty.tv

Қазақстан тарапы келіссөз жүргізу үшін арнайы алаң ұсынды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таяу Шығыстағы қақтығыс Сириядағы ахуалды нашарлатып отыр. Ал оның әсері аймақтық шиеленіске әкелуі мүмкін. Бүгін Астанада Сирия бойынша келіссөздердің 22-раунды өтіп, жиналғандар Біріккен ұлттар ұйымына үндеу жасады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның бас қаласында Сириядағы жағдайды реттеуге арналған келіссөздің 22-раунды өтті. Бұл басқосуға 11 делегация келген. Ресей, Иран және Түркия мемлекеттері кепілгер елдер болып қатысты. Қазақстан тарапы келіссөз жүргізу үшін арнайы алаң ұсынған мемлекет екенін айта кетейік. Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев 22-раундтың нәтижелі аяқталғанын мәлімдеді. 

"Соңғы 2 күн ішінде келіссөзге қатысушы тараптар Астана процесінің кезекті отырысы аясында Сириядағы жағдайды әрі қарай тұрақтандыруға және ондағы гуманитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған аса маңызы әрі мазмұнды келіссөздер өткізді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан Республикасы өзінің мүмкіндіктеріне орай достас Сирия халқын және сирияішілік реттеу процесін қолдауға күш-жігерін салып келеді", – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.

Әлібек Бақаевтың айтуынша, бұл келіссөздердің деэскалация аймақтарын құру, жанжалдасушы тараптар арасындағы шиеленісті тоқтату және адам шығындарын азайту тәрізді бастапқы мақсаттары бүгінде толықтай орындалып, сириялықтардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қайта қалпына келтіруге зор мүмкіндіктер ашып отыр. Өз кезегінде Сириядан келген делегация мүшесі жасалып жатқан шараларға көңілі толатынын жеткізді.

"Израиль тарапының агрессиясынан қашқан босқындар Сирия еліне келіп жатыр. Сирия билігі бұл босқындарға барынша көмек көрсетуде. Біздің өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға атсалысып жатқан мемлекеттерге алғыс айтамыз. Келіссөздерді нәтижелі өткізуге қол ұшын созған Қазақстан билігіне ризашылығымызды білдіреміз", – деді Сирия Араб мемлекеті Сыртқы істер және экспатрианттар істері жөніндегі министрінің орынбасары Айман Раад

Жиында кепілгер мемлекеттер Біріккен ұлттар ұйымының босқындар жөніндегі жоғарғы комиссарын қарулы қақтығыстан қашқан босқындар мәселесін тездетіп шешуге шақырды. Ираннан келген делегация мүшелері Таяу шығыстағы ушығып тұрған қақтығыс Сирияға кері әсер етіп жатқанын айтады.

"Астанадағы Сирия бойынша келіссөз нәтижелі болды. Тараптар бұл елге барынша қолдау көрсету туралы уағдаласты. Қазір Сириядағы жағдайды тұрақтандыру – көптеген мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған мәселе. Себебі аталған елден тыныштық кетсе, көрші тұрған елдерге кері әсері тиеді. Сондықтан бүгінгі басқосуда маңызды мәселелер талқыланып, бір шешімге келдік деп ойлаймын", – деді Иран Ислам республикасы сыртқы істер министрінің көмекшісі Али Асгар Қажы.

Осылайша Астанада екі күн бойы Сириядағы жағдайды реттеуге арналған халықаралық келіссөздер жүргізілді. Келесі келіссөздер 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында Астанада ұйымдастырылмақ.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, Астана

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Бакудегі Дүниежүзілік климат саммитінде сөз сөйледі

Новости партнеров