Былтырғы тасқынға тойтарыс бере алмаған Атбасар мәселесі тағы да мінберде көтеріліп жатыр. Үкіметке толассыз хат жолдаған тұрғындар селден келер қауіптің сейілгеніне әлі күмәнмен қарайды. Осылай деген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жергілікті әкімдердің жұмысын сынға алды. Айтуынша, әкімдер билік тарапынан айтылған ескертулерге құлақ аспаған. Үкімет басшысы көктемде көпті әбігерге салатын сел мәселесін қатаң қадағалауға алуды сенімнен кеткен әкімдерге емес, өзінің орынбасары мен Ішкі істер министріне тапсырды.
Жыл сайын талайларды тығырыққа тірейтін топан су қатері Үкімет назарындағы басты мәселеге айналды. Шет-шетінен сел жүру қаупі бар өңір әкімдері барынша тас-тұянақтай дайын екендіктерін жеткізді. Дегенмен, Министрлер кабинеті басшысын есеп қанағаттандырмады. Керісінше, Атбасар тұрғындарынан келіп түсетін шағым хаттардың жиілегеннін атап өтті.
«Олар біздің нысандарды, бөгеттерді тұрғызып жатқанымызға сенбей отыр. Бойларын үрей билеген. Тіпті, бәрібір су шайып кетеді, дейді. Әрі бөгеттерді салғанша, бізге баспана тұрғызып беріңдер дегенді алға тартады. Сонда миллиардтарды қайда жұмсап отырсыңдар?», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Үкімет басшысы көптің үрейі сейілмеуіне әрі істің оң шешілмеуіне жергілікті билік өкілдерінің кінәлі екенін ашық айтты. Демек, олар дер кезінде жасаған ескертулерді түземеген. Көктем келе көптеген елді әбден әбігерге түсіретін сел тағы да апай-топай қылама деп қауіптенеді. Осыған орай, күні бүгінге дейін қараусыз қалған гидротехникалық нысандар мен топан суға дайындық барысын бақылауды тиісті министрлік өкілдеріне жүктеді.
«Дамбалардың қай тұста екенін анықтау, адамдарды қай жерге көшіру мүмкіндіктері бар екенін зерттеу керек. Осы жерде облыс әкімдерінің жауапкершілігі зор. Ешқандай әкім Ішкі істер министрінің ескертулеріне құлақ аспады. Тек барлығы ойдағыдай деп жеткізді. Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы, Асқар Ұзақбайұлымен бірге иесіз қалған гидротехникалық нысандарды, сел қаупін бақылауды өздеріңізге тапсырамын», - деді ҚР Премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ал кез келген сақтық шараларын жасау үшін «Қазгидромет» бірауыз сөзі маңыздырақ сияқты. Премьер-министр Қанат Бозымбаевтан аталмыш мекеменің қаншалықты дәлдікпен күн райын зерттей алатыны сұрады. Әрі, жауапты органдардың басым бөлігі кінәні болжаушы мекемеге тағатынын айтты.
«Мұндай жағдайда кей органдар «Қазгидрометке» жауапкершілікті артуды әдетке айналдырған. Олардың бұл қадамын менде түсіндіре алмаймын. Бірақ «Қазгидрометтің» 90 пайыздан астам ауа райына дұрыс болжам жасайтынына күмән келтірмеймін», - деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ
Жиын барысында байсалды кейіпке енген Қалмұханбет Қасымов сел жүру қаупі бар аймақтарға тоқталып өтті. Белгілі болғандай, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Сырдарья өзені, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарына жіті назар аудары қажет екен. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 45 мың адамнан құралған арнайы құтқару топтары көмекке келмек. Сонымен қатар, биыл елді-мекендерді топан судан алып қалу мақсатында 196 жуық іс-шара жүзеге асады.
Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан