Енді еліміздегі барлық сауда орталықтары жіті тексерілетін болады. Кешегі Кемеровода болған қайғылы жайттан кейін, Қазақстан Үкіметі қауіпсіздік шараларына қамдана бастады. Бақытжан Сағынтаев жауапты органдарға ойын-сауық орталықтарының жұмысын мұқият тексеруді тапсырды. Министрлер жиынында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов те баяндама жасады. Аймақ басшысы тасқынмен күресуге шамалары жетпей жатқандарын айтып, өзге өңірлерден қосымша мамандардың тартылу керектігін ескертті.
Үкіметтің бүгінгі отырысы тасқыннан зардап шеккен өңірлердегі жағдайды талқылаудан басталды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов өңірдегі ахуал шиеленісе түскенін айтты. Биыл қар қалың түсіп, қатқан мұздың қалыңдығы 1 метрге жуықтапты. Еріген су 481 үйдің ауласына жайылып, тұрғындарды әбігерге салған. Бір ғана Аягөзде 14 үй қирап, 19 нысанның жағдайы апатты деп танылыпты. Оның үстіне, су кешкен жұртқа араша түсетін құтқарушылар да, қажетті құрал-сайман да тапшы екен.
«Бақытжан Әбдірұлы, төтенше жағдайлар департаментінде тиісті құрал-жабдықтар жоқ. Мысалы, облыста 249 көшпелі мотопомпа болу керек. Ал бізде 55 көшпелі матакомба. Ең керегі осы ғой. Қайыққа тоқталайық. Ол 69 болу керек. Ал бізде 14 қайық бар. Жол талғамайтын көлік 55 болу керек. Оның біреуі де жоқ. Көлік жоспар бойынша 55 болу керек. Облыста тек 9 көлік бар. Жігіттеріміз судың басында жүр ғой. Оларға гидрокомбинезон керек. Жоспар бойынша 1 мың болу керек. Ал бізде 86 гидрокомбинезон бар. Бақытжан Әбдірұлы, осы жағдайға назар аударайық», - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал АХМЕТОВ.
Шығыстағы жағдайдың шатқаяқтағанын үкіметтегілер біледі. Тиісті қаражат бөлініп, басқа аймақтардан құтқарушылар да жіберілген екен. Бірақ керек жарақтың неліктен жетпей қалғанын тіпті жауапты орган басшысы да түсіндіріп бере алмады. Қолындағы қағазға телмірген күйі, ләм-мим деп үн қатпады.
«Рұқсат болса, ол туралы менің баяндамамда жоқ», - деді ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат СҮЛЕЙМЕНОВ.
«Баяндамаңызға жазып берген жоқ па? Сонда сіздер қалай басқарасыздар? Баяндамаға жазып бергенді оқып бересіз, жазбаса жағдайдың не болып жатқанын білмейсіздер. Соңында осындай жағдайға душар боламыз. Техника жоқ, комбинезон жоқ, мотопомпа жоқ, жағдай болса көрші облыстардан сұрап аламыз. Түсінікті», - деді ҚР Премьер - министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ашуға булыққан Бақытжан Сағынтаев қызметтеріне салғырт қараған адамдарға енді басқа шара қолданылады деп, соңғы ескерту жасады. Қызыл сумен әлек болып жатқан тек шығыс аймақ ғана емес, еліміздің солтүстігі де табиғаттың шәлкез мінезімен күресіп жатыр. Сондықтан Үкімет басшысы сақтық шараларына мұқият болу керектігін айтты. Осыдан кейін, әңгіме ауаны іргелес елдегі кешегі қайғылы жайтқа ойысты. Кемероводағы өрт бізге де сабақ болуы тиіс деп, Асқар Маминге арнайы тапсырма берді. Бұдан былай, еліміздегі барлық сауда орталықтарының жұмысы құзырлылардың назарында болмақ.
«Блогерлер өздерінің инициативалары бойынша сауда орталықтарына барып, есіктердің ашық-жабық екенін тексеріп жүр. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, осы сауда орталықтарында тексеріс өткізіп, тиісті шараларды қолдану қажет. Асқар Ұзақбайұлы бұл мәселе сіздің бақылауыңызда», - деді ҚР Премьер – министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Күні кеше Нұрсұлтан Назарбаев Кемеровтегі «Зимняя вишня» сауда үйінде болған қайғылы жағдайға қатысты Владимир Путинге көңіл айтқан еді. Соңғы деректерге сенсек, қаза болған 64 адамның ішінде қазақстандықтар да бар. Еңбек демалысына Павлодардан Ресейге аттанған 57 жастағы Наталья Устинова мен оның қызы Ульяна қызыл жалынның құрбандар тізімінен табылған. Бұл ақпаратты марқұм болғандардың жақындар да растап отыр.