Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға сапары: 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды
Ресми кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарының басшысымен жүздесті
Келіссөздер аясында Қазақстан мен Германия арасында жалпы құны 2 млрд доллардан асатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Мемлекет басшысы келісімдерді тиімді жүзеге асыру екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Президент Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастарға 2027 жылы 35 жыл толатынын айтып, осы кезеңде екіжақты серіктестік сауда, инвестиция және мәдени-гуманитарлық бағыттарда тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді.
– Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Фридрих Мерцті келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Ресми кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарының басшыларымен жүздесті. Президент білім алмасудан бірлескен білім мен ғылыми әлеует қалыптастыруға көшудің маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы осы бағыттағы серіктестікті дамытудың үш негізгі бағытын ұсынды. Олар – бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларды кеңейту, студенттер мен зерттеушілердің ортақ жобаларына жол ашу, сондай-ақ академиялық байланысты нығайтуға бағытталған арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосу.