Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, стратегиялық серіктестер әрі одақтастар - Қасым-Жомарт Тоқаев

12.11.2025 19:28

Мемлекет басшысы қос халықтың достығы тағдырдың жазуы екенін айтты

Ақорда

Қазақстан мен Ресей басшылары Орал қаласында өтіп жатқан XXI өңіраралық форумының пленарлық сессиясына бейнебайланыс арқылы қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Биылғы форумның тақырыбы – «Жұмысшы мамандықтары – экономикалық өсімнің қозғаушы күші».

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев форум барысында сөйлеген сөзінде «Қазақстан мен Ресей – өзара сенімді, уақыт тезінен өткен стратегиялық серіктестер әрі одақтастар» екенін атап өтті.

«Біздің елдеріміздің тарихи тамыры, өткені мен құндылықтары ортақ. Қос халықтың достығы – тағдырдың жазуы», - делінген хабарламада.

Барлық деңгейде сенімді диалог жүргізудің арқасында Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының мән-мазмұны ұдайы толығып келеді.

«Екі елге ортақ әлемдегі ең ұзын құрлық арқылы өтетін шекара – халықтарымыздың мәңгілік достығы мен тату көршілік қарым-қатынасының айғағы. Орайлы сәтті пайдаланып, Форум қызметіне және барлық салада өзара ынтымақтастығымызды нығайтуға әрдайым назар аударып, қолдау көрсеткені үшін Ресей Президентіне алғыс айтамын. Бірге күш-жігер жұмылдыру арқылы алға қойған мақсаттарымызға жететінімізге сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда алғашқы АЭС құрылысына 9 мыңға жуық маман тартылады