Қазақстан мен Ресей стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті

12.11.2025 20:13

Екі ел көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан

Ақорда

Қазақстан мен Ресей басшылары Мәскеудегі келіссөздер барысында өңірлік және жаһандық күн тәртібіне қатысты пікір алмасты, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, Қазақстан мен Ресей көпжақты алаңдарда белсенді әрі табысты ықпалдастық орнатқан.

«Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және басқа да көпжақты құрылымдар аясында іс-қимылымызды одан әрі үйлестіруге дайын екенімізді растадық», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, тараптар стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады.

«Қазақстан-Ресей қарым-қатынасының әлеуеті зор. Бірлескен жұмыстың шет-шегі жоқ. Елдеріміз барлық салада нәтижелі ынтымақтастық орнатты. Қазақстан мен Ресей арасында шешімін таппайтын түйткіл жоқ. Бұл тараптардың жауапкершілігі мен бірлесе жұмыс істеуге құлшынысы жоғары екенін көрсетеді.

Мазмұнды келіссөз жүргізіп, қонақжайлық танытқаны үшін құрметті Владимир Владимирович Путинге тағы да алғыс айтамын. Тату көршілік қатынастарымыз болашақта да стратегиялық серіктестік пен одақтастық мұратына жетелей береді деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Стратегиялық серіктестікті нығайту: Қазақстан мен Ресей қандай келісімге қол жеткізді