Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған
Мемлекет басшысы дағдарыс белең алған және көпжақты ынтымақтастық тетіктері айтарлықтай әлсіреген қазіргі кезде әділетті әрі тұрақты әлем құру жөніндегі ой-пікірін бөлісті, деп хабарлайды Аlmaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Соңғы он жылда жер жүзінде қарулы қақтығыстар көбейіп, ушығып кетті. Әлемдегі әскери шығындар былтыр 2,7 триллион долларды құраған. Бұрын-соңды мұндай болмаған. Сонымен қатар алпауыт елдер арасындағы стратегиялық бақталастық шырқау шегіне жетті. Соның салдарынан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қандай да бір ірі халықаралық қақтығыстарды шеше алмайтын дәрменсіз күйге түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс» деді. Президенттің пікірінше, халықаралық қоғамдастық институттары тиімді қызмет етуі үшін өзара сенімді қалпына келтіруі қажет.
– Стратегиялық сенімнің жаңа мәдениеті халықаралық ынтымақтастық пен ұжымдық шешім қабылдау үдерісінің негізі болуға тиіс. Осы ретте Қазақстан аталған қағидаттарды Азиядағы өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі секілді алаңдар арқылы үнемі ілгерілетіп келеді. Бүгінгі сын-қатерлерге бірде-бір мемлекет жалғыз өзі төтеп бере алмайтыны рас. Тек түбегейлі және тиімді ұжымдық іс-қимыл ғана ұзақ мерзімді нәтиже береді. Бұл орайда БҰҰ халықаралық қатынастарды реттейтін әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым рөлін атқаруды жалғастыра беруі керек, – деді Қазақстан Президенті.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Президенті БҰҰ университетінде дәріс оқыды