Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады
Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Пәкістан премьер-министрі.
Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті.
Елдің премьер-министрі екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.
Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Пәкістан премьер-министрімен келіссөз жүргізді