Қазақстан зиянды шығарындыларды 35%-ға азайтуды жоспарлап отыр

22.04.2026 14:38

Сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыруды көздейді

Аlmaty.tv

Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асыруды және ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың бааспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде айтты.

«Әділ және теңқұқылы энергетикалық модельге көшу негізгі басымдық саналады. Қазіргі уақытта Қазақстанда электр қуатының 7 пайыздан астамы жаңартылатын энергия көздерінен алынады.

2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 15 пайыздан асыруды жоспарлап отырмыз. Біз мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреміз. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарынан айнымайды", - деді Президент.

Осылай деген Мемлекет басшысы әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайтынын мәлімдеді.

"Бүгінде алғашқы атом электр станциясының жобасын пысықтап жатырмыз.

Сонымен қатар «таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станцияларын жаңғыртуды қолға алдық. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындыларды 35 пайызға азайтамыз", - деді Президент.

Оқи отырыңыз: Президент: БҰҰ Жарғысы тапсырыспен алдыратын жеңсік ас емес