Президент Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

12.10.2026 14:50

Президент Қазақстан мен Орталық Азияға тарихта тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Короліне және Патшайымына ілтипат білдірді

Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Ақордада өткен келіссөз барысында Президент Қазақстан мен Орталық Азияға тарихта тұңғыш рет мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Короліне және Патшайымына ілтипат білдірді.

"Осы тарихи сәтте Сіздермен жүздесіп, мемлекеттеріміз арасындағы берік достықты атап өту – мен үшін зор мәртебе. Аса мәртебелі Король Филипп, халқыңызға қалтқысыз қызметіңізді жоғары бағалаймыз. Cіз Корольдік билігіне келгелі еліңіз өркендеп, әлемдік аренадағы лайықты орнын бекіте түсті. Халқыңызға адалдығыңыз және Бельгияны мекендейтін түрлі қауымдар арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ел бірлігін сақтаудағы рөлін айқындай түседі", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз сөзінде Президент «Бірлігіміз – әралуандықта» деген қағидатқа айрықша мән беретінін, әрбір азаматтың келешек үшін атсалысқанын қалайтынын атап өтті.

"Көп жылдан бері кәсіпкерлікті, білім мен инновацияны дамытуға ерекше күш салып келесіз. Бұл – шын мәнінде үлгі тұтарлық ізгі істер. Король әулетінің Бельгия бизнесіне ұдайы қолдау көрсетуі шексіз құрметке лайық. Аса мәртебелі Патшайым Матильда, Сіз бұл сапардың мән-мазмұнын арттырып, шырайын келтірдіңіз. Сіздің балаларды қорғау, білім беру, адамның қадір-қасиетін құрметтеу мәселелеріне келгенде, ерекше жанашырлығыңыз бен қамқорлығыңызға тәнтіміз. Бұл игі мұраттар азаматтарымызды шын мәнінде сүйсінтеді", – деді Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Президент: Бельгия – Қазақстанның Еуропадағы сенімді серіктесі

Толық көрсету