Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі

Ақорда
Ақорда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы жасанды интеллект саласындағы деңгейі аса жоғары мамандардың басын қосқан форумға шақырғаны үшін Президент Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

– Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Олардың бәрін бірдей атап-түстеуге қағаз да, уақыт та жетпейді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 
Қазақстан Президенті атап өткендей, осы игі дәстүр қазіргі Ресейде де лайықты жалғасын тапты.

– Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Оның адамзат дамуындағы маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Яндекстің» заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. «Курчатов институты», «Сколково», «Иннополис», «Технополис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу тақырыбы өзіне ерекше жақын екенін, өйткені реформа бағдарламасының басым бағыты ретінде жарияланғанын айтты

– Биыл 1 шілдеде заңды күшіне енген жаңа Конституциямызда ғылым мен инновацияны дамыту стратегиялық бағыт, ал білім мен прогресс мемлекеттің басты құндылықтары ретінде бекітілді. Дәл осы себепті аталған форум еліміз үшін өзекті. Мұны Қазақстан делегациясының құрамынан да аңғаруға болады. Олардың қатарында ресейлік серіктестермен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі салалық мемлекеттік органдардың басшылары, ірі бизнес пен IT қоғамдастық өкілдері бар. Қазақстан мен Ресейді ғасырлардан тамыр тартатын достық, ортақ тарих, берік экономикалық және жан-жақты гуманитарлық қатынастар байланыстырады. Озық технология саласындағы ынтымақтастық Қазақстан-Ресей стратегиялық серіктестігінің басты бағыттарының бірі болатынына сенімдімін, – деді Президент.


Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық.

– Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды

– Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет, – деді Мемлекет басшысы.


Президент Қазақстанды барынша қысқа мерзім ішінде толық цифрланған мемлекетке айналдыруды стратегиялық мақсат ретінде белгілегенін мәлімдеді.

– Біз осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладық. Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясы бекітіліп, «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Осылайша, цифрлық экономиканы қарқынды дамытуға қажетті құқықтық және институционалдық негіз қаланды. Ең бастысы, аталған ауқымды жұмысты қоғам қолдап отыр, себебі азаматтарымыз және бизнес игілігін көруде. Мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді, eGov Mobile қосымшасына халқымыздың үштен екісі, яғни, 13 миллион қолданушы тіркелген. Бір апта бұрын жарияланған БҰҰ зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан әлемдегі электрондық үкіметтің даму рейтингінде екі жыл ішінде 8 позицияға көтеріліп, 16-орынға табан тіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент Қазақстанда электронды қаржы қызметтері дамығанына тоқталды

– Елімізде технологиялық кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасалған. Былтыр отандық IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асты. Стартаптар мен технологиялық компанияларға қолдау көрсететін Astana Hub технопаркі табысты жұмыс істеп тұр. 2019 жылдан бері Astana Hub орталығына тіркелуші компаниялардың жиынтық кірісі 7 миллиард долларға жуықтады. Қазіргі кезде Astana Hub аясында 2700 стартап пен компания қызмет көрсетеді. Алғашқы «сыңармүйіз стартап» та пайда болды. Қазір оның соңынан басқа да компаниялар ілесіп келеді. Higgsfield деп аталатын стартаптың құны бір жылда 10 миллиард долларға шарықтады, компанияның капитализация деңгейі ұдайы өсіп келеді. Оның негізін қазақтың екі талантты жігіті қалаған. Мен «халықтық цифрлық экономика» құру міндетін қойдым. Интернет заңды кәсіппен айналысып, пайда тапқысы келетін адамдарға қызмет етуге тиіс. Басқаша айтқанда, интернет – «қоқыс жәшігі» емес, жасампаз шығармашылық пен өнімді еңбектің кеңістігі болуы керек. Азаматтарды цифрлық құралдар арқылы жұмыспен қамту үшін нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.


Қазақстан Президенті келешек цифрлық экономикаға маман даярлау ісіне айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді.

AI-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңнан аса студент жасанды интеллектіні қолданудың практикалық дағдыларын меңгеруде.

– Инфрақұрылым мен мамандардың сақадай-сай болуы технологиялық серпіліске кепіл емес екенін біз жақсы түсінеміз. Төл әзірлемелер болуы қажет. Ең бастысы, оны экономиканың кәдесіне жаратқан жөн. Дәл осы себепті жақында Астанада өткен Digital Bridge форумында AI Challenge бастамасын ұсындым. Оның мақсаты – кәсіпорындар мен бағдарлама әзірлеушілерді нақты өндірістік міндеттерді шешуге жұмылдыру. Ресеймен арадағы серіктестігімізде де осындай тәсілге қажеттілік туындайды деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.